Құқық

Сүмелектер салған сойқан

Солай болған

2011 жылдың көктемі еді. Наурыз мерекесінің қарсаңы. Қарағандының шетіндегі жұмысшылар поселкесінде орын алған қанды оқиға бүкіл аймақты дүрліктіріп жіберді. Мұнда бір мезгілде 7 бірдей адамның өлі денесі айра-жайрасы шығып жатты. Олардың үшеуі әйел, төртеуі ер адам еді. Олардың бәрі шеткері тұрған екі көп қабатты үйдің тұрғындары болатын. Бәрінің де ауыр затпен бастан ұрылғаны себептен қаза тапқаны анықталды.

Әдепкі кезде полиция қызметкерлері мұндай ашықтан-ашық аяусыз қылмысты кімнің жасағанын біле алмай, біраз дағдарды. Сондықтан оларға із кесу үшін иісшіл иттердің көмегіне жүгінуге тура келді. Ал иттер көп кешікпей, бір жерде бірге отырған екі мас жігітке алып барды. Бұлардың бірі 20 жасар Максим Лямин деген жігіт болып шықты. Ол бұрын өзін күшті жігіт ретінде ешқашан көрсете қоймаған біреу еді.

Сол күні Максим өзінің үш досымен бірге арақ ішеді. Бәрі біраз қызып алғасын, тағы да жалғастырғылары келіп, Максим оларды өгей әкесінің үйіне ертіп барады. Барса, онда екі әйел, екі еркек бірге арақ ішіп отыр екен. Бұлар келіп, қосылғасын отырыс қыза түседі. Бір кезде Максим өгей әкесімен дастархан басында сөзге келіп, ілінісіп қалады. Сол кезде қатты көтеріліп кеткен жас жігіт үстел үстінде жатқан пышақты ала сала оны өзіне тіл тигізген адамға бойлата салады. Жігіт ағасы бірден жантәсілім етеді.

Содан кейін сырттан келген төрт жігіт бірден кетіп қалады. Былай шыққасын, Максимге қылмысты көрген куәгерлерді тірі қалдырмау туралы ой келеді. Оны жанындағы бөтелкелестеріне айтқанда, оны бәрі бірдей құптай қоймайды, тек біреуі ғана оның соңына ілесетінін білдіреді.

Сөйтіп, екі жігіт адам өліп жатқан жерге қайтып келеді. Олар келген бойда қолдарына түскен қарудың бәрімен үйде отырған үш адамды ұра бастайды. Даладан ала келген күректен бастап, үйдегі балға, орындық сияқты заттардың бәрі олар үшін сол кезде қаруға айналып кетеді. Бұлар демде бір еркек пен екі әйелді жайратып салады. Сосын дәлізге шығып, өздерін кімдердің көріп қалғандарын естеріне түсіреді. Сол кезде тағы бір әйел мен екі еркекке назарлары ауады. Сосын оларды да көрген жерлерінде жайпап өте шығады.

Кейін белгілі болғанындай, қанды қырғында қаза тапқандардың бәрі жұмыс істемейтін адамдар болып шықты. Олар осылай күн сайын бірге бас қосып, арақ ішіп жүретін өзінше бір топ екен. Бұлардың бәрі де бастарынан тиген соққыдан қаза тауыпты.

Рая Клявина, көрші:

– Атай мында дәлізге шығар жолда етпетінен түсіп жатты. Ал пәтерде тұрушы Костя мына жерден табылды. Одан әрі бір әйел сұлап түсіпті.

Қуанышбек Жұманов, полиция қызметкері:

– Тәртіп сақшылары бұзақылықпен қылмыс жасаған бірі 20-дағы, екіншісі 22-дегі екі жергілікті тұрғынды ұстады.

Владимир Павлюшин, көрші:

– Бұлар – біздің поселкенің балалары. Олардың мұндай қылмыс жасағандарына ешкім де сене қойған жоқ. Момын балалар болатын.

2011 жылдың 2 қарашасы күні Қарағанды соты бұл қанды қырғынды қарады. Жеті бірдей адамды жер жастандырған Максим Лямин өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілді. Оның сыбайласы 20 жыл қатаң режимдегі колонияда отыруға жазаланды.

Сотта олардың адвокаттары жазаның бұдан гөрі жеңіл болуы үшін біраз күресіп бақты. Олардың болжамдары бойынша, сотталушының осыншалықты қатыгездік көрсетуіне оның туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер ішіп жүргені қатты әсер еткен. Бірақ судья олардың бұл кепілдіктерін қаперіне да ілмеді.

«Ляминнің әрекетінде орын алған қатыгездік салқынқандылықпен жасалған, сөйтіп, бірнеше адамның өмірін жалмаған, осының өзі оның қоғам үшін өте қауіпті екенін көрсетеді», деді судья Ислам Есенбаев.

Руслан ИГІЛІК

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button