Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қамауға алынды
АСТАНА. 12 наурыз. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамунов «алаяқтық жасады» деген айыппен қамалды. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Руслан Мамунов қазір Астана қаласындағы тергеу оқшаулағышында отыр.
Ақтөбе облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Досановтың хабарлауынша, облыс әкімі орынбасарының үстінен қозғалған қылмыстық іспен сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-қимыл агенттігі айналысып жатыр. Сондықтан Ақтөбедегі департамент істің мән-жайына қанық емес.
«Мамунов алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Алған ақшасы өте үлкен көлемде» деді Ғалымбек Досанов 12 наурыз күнгі баспасөз мәслихатында.
Руслан Мамуновтың «алаяқтық» айыбымен қамауға алынғанын Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі де растады. Әкімдіктің мәліметінше, қылмыстық іс осыдан 4 жыл бұрынғы дерек бойынша қозғалған.
«Мамуновқа тағылған айып оның Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған кезеңімен байланысты емес» деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Руслан Мамунов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып 2019 жылғы қараша айында тағайындалған.
Қазақстанда жемқорлық және ақша жымқыру айыбымен шенеуніктер жиі сотталады, алайда, көп жағдайда олар рақымшылықпен босатылады. Қазір билік жемқорлықпен сотталғандарды шартты жазамен босатуға шектеу қою жағын қарастырып жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «орынбасарлары мен қол астындағылары ұсталса, басшысы жұмыстан кету туралы арыз жазуы тиіс» деген.
Transparency International ұйымының 2020 жылы жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (цифры неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр.