Бокс. Қазақстан құрамасы қоржынында – 2 алтын медаль
АММАН. 11 наурыз. Бүгін түнде Иорданияның астанасы – Амман қаласында мәресіне жеткен бокстан Океания/Азия құрлықтық бірінші іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы 2 алтын медаль жеңіп алды.Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қазақ құрамасының ең басты жетістігі жігіттердің сегізі де Токио Олимпиялық ойындарына лицензия жеңіп алғаны болды. Бұл ширек финалда жарыс жолынан шығып қалған 52 кг салмақтағы Сәкен Бибосыновтың күндізгі сессияда филиппиндік Карло Пааламды лицензиялық қосымша шайқаста 4:1 етіп жеңгенінен кейін мүмкін болды. Ал қалған жеті жігітіміз түгел медальға жетіп, бұған дейін-ақ жолдамаға ие болған еді. Қыздар арасынан тек 75 кг салмақта түскен құрамадағы ең жас қыз – 19 жасар Надежда Рябец қана лицензияға қол жеткізді.
Финалдық кездесулер кешкі сеанста ойналды. Бізден 63 кг салмақтағы Зәкір Сафиуллин өзбекстандық қазақ жігіті Елнұр Әбдірайымовпен алтын медаль үшін шайқасты. Бірінші раундта басым түскен ол келесі раудта есе жіберіп қойды. Соңғы кезең тағы Елнұрдың пайдасына шешілді. Бірақ Зәкір осының алдындағы жартылай финалдағы сияқты бұл жолы өте жақсы шайқаса білді. Сондықтан 2:3 есебімен жеңілді. Негізі, ұтыс оған берілсе де, ешкім ештеңе дей адмас еді. Жалпы, Сафиуллин бұл турнирде өзінің нағыз жауынгер екенін танытты.
Келесі үміткеріміз – 75 кг салмақтағы Әбілхан Аманқұл филиппиндік пері Эумир Марсиалмен бәсекесінде басымдық таныта алмады. Ол бірінші раундтан сылбыр ойнады. Сол кезде-ақ қарсыласының күшті екені байқалып тұрды. Дегенмен, ұтылысы оншалықты зор болмай шықты – 2:3.
Біздің үмітімізді 81 кг салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов ақтады. Ол австралиялық жас боксшы Пауло Аокусомен ұрысты өте сауатты өткізді. Өзіне көп соққы дарытпай жүріп, әдемі ұтып шықты. Есеп – 5:0!
Бұдан кейінгі Василий Левит басында өзінің 81 кг салмақтағы мықты екенін таныта алмай қалатындай жағдайда болды. Өзіне қатты сеніп кетсе керек, жаңазеландиялық Дэвид Никамен кездесуінің басында қарсыласына ұпай беріп қойды. Сосын бұдан кейін есесін қайтарды. Ал үшінші раунд алмағайыптау болып өтті. Дегенмен, 4:1 есебімен ұтты.
Командалық есепте 3 алтын, 3 қола медалі бар Өзбектан құрамасы бірінші орынға шығып кетті. Екінші орындағы Қазақстан командасында 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль бар. Үшінші орынға 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальды Иордания құрамасы көтерілді.