Қазақстан спортшыларының алды Париж Олимпия қалашығына жетті
ПАРИЖ. 20 шілде. Қазақстан құрамасы спортшыларының алғашқы легі Парижге барып, олимпиялық қалашыққа орналаса бастады. Бұл туралы nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
ҚР Ұлттық олимпиялық комитетінің өкілдері еліміздің алғашқы спортшылары Парижге аман-есен жетіп, Олимпиада қалашығына орналасқанын мәлімдеді.
Қалашық Франция астанасының солтүстігінде бой көтерген. Нысан аумағы 52 гектарға тең, оның аумағында 40 тұрғын үй мен спортшыларға қажетті басқа да ғимараттар бар.
Қазақстандық садақшы Ильфат Абдуллин тұрғын үйлер жағымды әсер қалдырғанын айтады. Спортшының бөлмесінде кондиционер болмағанымен, ол еріктілердің жұмысын ерекше атап өтті.
«Қазақстан құрамасынан біздің команда бірінші болып көшіп келді. Біз барлығын қарсы аламыз. Не айта алам? Жақсы жағдай жасалған, олимпиадалық атмосфера. Бәрі әдемі әрі жайлы. Асхана жөнінде толыққанды ештеңе айта алмаймын. Әлі мәзірмен толық танысып үлгерген жоқпыз, бірақ менің ойымша, онда бәрі қарастырылған және әркім өзі қалағанын таба алады. Оған қоса, қалашық ішінде қосымша тамақтану аймақтары, кофеханалар бар», – деді Абдуллин.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы өкілдерінің арасынан садақшылар бірінші болып Олимпиададағы сайыстарын бастайды.
Ал ертең, 21 шілде күні бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов бастаған Қазақстан құрамасының боксшылары Парижге Ыстанбұл арқылы ұшып шығады. Олимпиадаға толық құрамда қатысқалы отырған былғары қолғап шеберлерінің терме жамағаты 27 шілде күні өз турнирлері шымылдығын ашады. Осы күні бізден шаршы алаңға 63,5 келіге дейінгі салмақтағы Мұхамедсабыр Базарбайұлы бірінші болып көтеріледі.
Төмендегі суретте: садақшы Ильфат Абдуллин орналасқан бөлме