Родинина шындықты айтамын деп ресейліктер дауы астында қалды

МӘСКЕУ. 15 ақпан. Атақты мәнерлеп сырғанаушы, Ресей думасының депутаты Ирина Роднина қысқы Олимпиадада әділдік барын айтамын деп, ресейлік z-насихатшылардың сынына ұшырады. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бұл – жаудан да жаман, оны Думадан қуып шығыңдар» деп шуылдасты Ресейдің қазіргі саясатының кепшігін қағып, кернейін тартып, дауылпазын ұрып отырған шәуілдек насихатшылар.
Ресейлік пропагандистер «бейтарап» Петр Гуменниктің Олимпиадада алтыншы орын алуын «әділетсіздік» деп бағалап, ұлардай шулауға кірісіп кетті. Бірақ олардың бұл дау-далабаларымен келіспейтіндер де бар.
Айтары жоқ, Ресей туы астында өнер көрсете алмай, «бейтарап» мәртебесінде мұз айдына шыққан мәнерлеп сырғанаушы Петр Гуменник ерлер арасындағы жекелей сайыста алтыншы орын алып, ресейлік насихаттың үміттерін ақтай алмады. Алайда объективті шындықты қабылдаудан қасақана бас тартатын насихатшылар бұл нәтижеге де көңілдері толмайтын себепті тез тапты. Күтілгендей, олар ресейлік спортшының қысқа және еркін бағдарламалардағы өнерін «бейтарап» және «әділетсіз» бағалаған төрешілерді кінәлады.
Сенбі бойы ресейлік БАҚ шетелдік арбитрлардың Ресейді «ұнатпағаны» туралы тақырыптарға толы болды. Насихатшылар бұрынғы мәнерлеп сырғанаушылар мен сарапшылардың пікірлерін келтірді, олар бірауыздан Гуменниктің өнері «әділетсіз бағаланғанын» айтып, оның мойнына виртуалды Олимпиада медалін тағуға тырысты.
Дегенмен, осы мәлімдемелердің ішінде мәнерлеп сырғанаудан әлемнің бірнеше мәрте, Олимпиаданың үш дүркін чемпионы және Мемлекеттік думаның депутаты Ирина Роднинаның пікірі ерекше көзге түседі. Match TV насихат арнасына берген сұхбатында ол ресейлік конькишіге берілген ұпайлардағы «әділетсіздік» туралы барлық айыптауларды жоққа шығарды.
Сұхбатта оған Гуменниктің қола медальға төрт ұпай жетпей қалғаны еске салынып, бұл үшін төрешілерді кінәлау керек пе, деген сұрақ қойылды.
«Құдай сақтасын! Неге біз қашанда әлдененің астарынан қандай да бір қитұрқылық іздейміз? Өзімізді жұрттың аяуы үшін бе? Олардың бізді қаншалықты ұнатпайтынын көрсеткіміз келе ме? Иә, олар бізді ұнатпайды, бірақ Олимпиадада олар әділ төрешілік етіп жатыр. Ал біз тырнақ астынан кір іздей беруге құштармыз», – деп жауап берді бұрынғы атақты спортшы.
«Партия саясатына» сәйкес келмейтін бұл мәлімдеме бірден ресейлік «патриоттарды» ренжітті, олар өзі түсіндірмелерінде Роднинаны жерден алып, жерге салды, ақырында оны Думадан қуып шығуды талап етті. Атақты мәнерлеп сырғанаушыны «батыстыкынің бәрін қорғайды» деп айыптады.
«Құрама Штаттар мен Батыстың барлық нәрсесін жақтайтын бұл адам неге әлі күнге дейін біздің Думада отырып алып, өзімізге наразылық білдіріп, қысастыққа барып жатыр? Бұл демократия ордасында өмір сүргеннен кейінгі сананың өзгеруінің айқын мысалы. Мұндай адам Думада болмауы тиіс. Ол жаудан да жаман. Роднина, саған шетелден қанша ақша төленіп жатқанын ашып айт», – десті «патриоттар» сосын.
Қазіргі орыс үрдістеріне салып, олар Ирина Роднинаға қарсы айыптау үкімін шығаруға асықты.
«Мен біраз уақыттан бері ойландым, мүмкін оған қарсы шағым түсіруім керек шығар. Сіз ел үшін жұмыс істейтін Мемлекеттік думада отырып, қалайша біздің спортшыларды соншалықты жек көресіз?!» деді бір пікір қалдырушы.
Тіпті пікір қалдырушылар Роднинаға қандай да бір жолмен әсер ету үшін Ресей диктаторының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың әйелі Татьяна Навканың байланыстарын пайдалануды ұсынады. Сонымен қатар, тағы бір «патриот» әйелдер жарысына «көпір» салып, «бейтарап» Аделия Петросянға қарсы «әділетсіздікті» айтып қояр емес.
Айта кетейік, Петр Гуменник 2002 жылы сәуірде Санкт-Петербург қаласында священниктің отбасында туған. Фамилиясының өзі оның таза орыс емес екенін, тегі украин ұлтына тән ұрпақ екенін көрсетеді.
Еске сала кетейік, қазақстандық Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиада чемпионы атанды, жапон мәнерлеп сырғанаушылары Юма Кагияма күміс медаль жеңіп алса, Шун Сато үздік үштікті тиянақтады. АҚШ атынан түсіп жүрген орыс ұланы, әлем чемпионы Илья Малинин (2004 жылы АҚШ-та туған) жүлдегерлер қатарына кіре алмады. Ресейдің «бейтарап» үміті 6-орында қалып қойды. Ал сайыстың әділ бағаланғанын барлық бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр. Тіпті ресейлік атақты жаттықтырушы Татьяна Тарасованың өзі біздің Михаилдың жеңісін лайықты бағалай келіп, жарыстың дұрыс бағаланып жатқанын айтып қалды.






