Бокс. Төрт жігітіміз финалда шайқасатын болды

АММАН. 10 наурыз. Бүгін Иорданияның астанасы – Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Океания/Азия құрлықтық бірінші іріктеу турнирінің 1/2 финалдық шайқастары ойналып, біздің 4 жігітіміз финалға жолдама алды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұл күні күндізгі сессияда бізден шаршы алаңға бірінші болып 63 кг салмақтағы Зәкір Сафиуллин шықты. Ол шын мәнінде уысынан шығып бара жатқан жеңісті қайтарып ерледі. Олай дейтініміз, бірінші раундта оның жерлестері қолдауына сүйенген қарсыласы иорданиялық Обада Алкасбен басым болды. Бірақ бұдан кейінгі раундта таразы басын теңестірген біздің саңлақ соңғы шешуші кезеңде ұтысты өзіне қарай бұрып жібере алды. Ұрыс өте жоғары қарқынмен өрнектелді. Есеп – 3:2. Осылайша ол финалға қадам басты.
Есесіне, 69 кг салмақтағы Абылайхан Жүсіпов өзіне артылған сенімді ақтай алмады. Ол үндістандық Викас Кришанмен ұрысын тым сылбыр өткізді. Шайқас кезінде қарсыласы да оны ұрып қарық қылмады. Негізі, бірінші раундта ол жеңбеген сияқты еді, алайда, төрешілер қауымы сол ыбылжыған айқаста үнділік жігіттің едәуір басым болғанын көрсетіп берді. Нәтижесінде біздің бағлан 2:3 есебімен есе жіберді.
Содан кейін 91 кг салмақтағы Василий Левитке кезек келді. Ол да иорданиялық боксшымен қолғап түйістірді. Шайқаста Хусейн Иашайш бір раунд алда болды. Қалған екеуінде біздің жігіт артық көрінді. Әсіресе, соңғы раунда кімнің мықты екенін шындап танытты. Сөйтіп, 4:1 есебімен ұтып кетті.
Кешкі сессия біздер үшін 75 кг салмақтағы қызымыз Надежда Рябецтің австралиялық Кэтлин Паркерден 1:4 болып ұтылуынан басталды. Дегенмен, 19 жастағы саңлақ ерледі.
Бұдан соң жігіттерге кезек тиді. Рингке 57 кг салмақтағы Серік Теміржанов көтерілді. Ол бұл күнгі қарсыласы – өзбекстандық әлем және Олимпиада чемпионы Миразизбек Мирзахалиловты бірінші раундта жақсы жеңіп шығып еді, бірақ қалған екі раундта тәжірибелі бәсекелесінің нөпіріне қарсы тұра алмады. Ақырында 0:5 есебімен ұтылуға мәжбүр болды.
75 кг салмақтағы Әбілхан Аманқұл өзіміздің қытайлық қандасымыз Таңатқан Тоқтарбекпен жұдырықтасты. Айтары жоқ, шайқас екі жақ үшін де оңай болған жоқ. Бірінші раундта Таңатқан алда болды. Дегенмен, бұдан кейін Әбілхан аз да болса, алға түсіп, қандас қарсыласынан айла асыра алды – 3:2.
81 кг салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов те иорданиялық былғары қолғап шеберімен бақ сынасты. Ол Одай Алхиндавиді әр раунд сайын еркін ұтып, нәтижесінде 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Өкінішке орай, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев алдындағы ұрыста жарақат алып қалуына байланысты жарыс жолын жалғастыра алмады. Бұл күндізгі сессияның кезінде-ақ белгілі болды. Соның салдарынан қарсыласы австралиялық Юстис Хуни финалға шайқассыз өтті.
Біздің құрама сапынан осылайша Абылайхан Жүсіпов, Серік Теміржанов, Қамшыбек Қоңқабаев және Надежда Рябец Азияның қола жүлдегері атанды.
Айтқандай, бұл турнирді әдеттегіде АИБА емес, Халықаралық олимпиялық комитет өткізіп жатыр. Бұған АИБА-ны жайлаған жемқорлық пен төрешілердің сатылғыштықтары себеп болды.
Бүгін – финал. Бізден Зәкір Сафиуллин мұның алдында өзбекстандық Олимпиада чемпионы Шахобиддин Зоировты ұтқан таиландық 19 жасар пері Цхитсан Поннотпен, Әбілхан Аманқұл үнділік Кумар Ашишті тізе бүктірген филипиндік Эймур Марсиалмен, Бекзат Нұрдәулетов қытайлық Дахаин Ченді жолдан тайдырған австралиялық жас оғлан Пауло Аокусомен, ал Василий Левит өзбек Санжар Тұрсыновтан басым шыққан жаңазеландиялық Дэвид Никамен алтын медаль үшін шайқасады.
Финалға Қазақстаннан – 4, Өзбекстаннан – 3, Иордания мен Австралиядан – екі-екіден, Қытайдан, Таиландтан, Үндістаннан, Жаңа Зеландиядан, Филиппиннен бір-бірден боксшылар қатысады.






