ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Қырғызстанда Наурызды жаппай тойлауға тыйым салынды

БІШКЕК. 10 наурыз. Қырғызстанда Наурыз мерекесіне арналған жаппай тойлау шаралары алынып тасталды. Бұл туралы AKBpress хабарлады.

Тыйым салынғандар қатарына сондай-ақ мәдени және спорт шаралары да жатқызылып отыр. Бұдан бір апта бұрын концерттер өткізуге тыйым салынғаны туралы ақпар тараған болатын. Халықаралық әйелдер күніне байланысты мемлекеттік және муниципиалды деңгейдегі шаралардың ешқайсысы өткізілген жоқ.

Қырғызстан билігі коронавирустан сақтану үшін осындай шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұған дейін ел үкіметі ірі шараларды ұйымдастыруға шектеу қойып, бірнеше спорт жарысынан бас тартқан еді. Елдегі опера және балет театры, Қырғызстан ұлттық филармониясы уақытша жабылды.

Қырғызстанда, ресми дерек бойынша, коронавирус жұқтырғандар жоқ.

Өзбекстан үкіметі де наурызда жоспарланған мерекелік шаралардың бәрін уақытша тоқтатты.

Қытайда тараған Covid-19 вирусын әлемде жұқтырғандар саны 110 мыңға жуықтап қалды. 3800-дей адам қаза болды.

Вирус тараған Қытайда 8 наурызда 41 адам дертке шалдыққан. Бұл елде күннен-күнге вирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Дегенмен, қаңтардың басынан бері 80 мың адам вирус жұқтырып, үш мыңнан астам адам опат болды.

Ал Кореяда вирус жұқтырғандар 7400-ге жуықтады. Елу адам қаза болды.

Иранда вирус жұқтырғандар жеті мыңға адамға жетті. 9 наурызда вирустан бақилық болғандар 230-дан асты.

8 наурыздағы дерек бойынша, Италияда қазір 7375 адам дертке шалдығып, 366 адам өмірден өтті. Италия вирус көп тараған солтүстік аймақты, 16 миллиондай халықты, 3 сәуірге дейін карантинге жапты.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button