Елімізде бұқаралық спорттық шаралар тоқтатылды

АСТАНА. 11 наурыз. Қазақстанда өткізілетін барлық спорттық шараларға шектеу қойылды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Шектеудің оқу-жаттығу жиындарына немесе халықаралық жарыстарға баратын ұлттық құрамаларға да қатысы бар.
Спорттық іс-шараларға салынған тыйым туралы ақпаратты Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы растады.
«Иә, бәрі дұрыс. Коронавирустың кесірінен барлық спорттық іс-шаралар тоқтатылды», – деді ол.
«Уақытына тоқталсақ, бұл осы жылдың бірінші жарты жылдығына қатысты шаралар», – деп қосты агенттікке сұхбат беруші.
Қазір «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынап жатыр. Команданың матчтарын кейінге шегеру немесе оны тоқтату туралы шешім әлі қабылданған жоқ.
«Барыс» хоккей клубына қатысты мәселе қазір қарастырылып жатыр. Хоккей клубтарына артықшылық беріліп, матчтар өткізіліп қалуы да мүмкін», – деді комитет өкілі.



