«Грузин арманы» құрама футболшыларына миллиондағын лари сыйақы береді
ТБИЛИСИ. 27 маусым. Грузияның билеуші «Грузин арманы» партиясы құрама футболшыларына 30 миллион лари көлемінде сыйақы берілетінін растады. Бұл туралы @NGnewsgeorgia ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Футболдан Еуропа чемпионатына тұңғыш рет қатысып жатқан Грузия құрамасы кеше түнде Португалияны 2:0 етіп ұтып, айды аспаннан бір-ақ шығарып, турнирдің плей-офф кезеңіне өтті.
Негізін миллиардер, Сакартвело үкіметінің бұрынғы басшысы Бидзина Иванишвили қалаған «Грузия арманы» партиясы атынан футболдан ұлттық құрамаға Еуро-2024-тің плей-офф кезеңіне шыққаны үшін құттықтау жіберіліп, осы жетістігі үшін 30 млн лари көлемінде сыйақы тапсырылатыны жөнінде мұның алдында берілген уәденің растығы атап өтілді. Партияның осыған байланысты жасаған мәлімдемесі бүгін үкіметтік мәтбұғаттарда жарияланды.
Ескерте кетейік: 30 млн лари АҚШ долларына шаққанда, 10,7 млн болады, ал оны теңгемен есептесек, 4 млрд 994 млн 225 мыңға жетеді.
«Ұлттық құрама үшін белгіленген 30 миллион лари тапсырылатын болады… «Грузин арманының» құрметті төрағасы футбол командасының әрбір ойыншысын, жаттықтырушылар штабы мен картвель жанкүйерлерін арманның осы тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтайды», – делінген хабарламада.
«Бидзина Иванишвилидің бастамасы бойынша, 1/8 финалда Испанияны жеңіп, келесі кезеңге өткен жағдайда Сакартвело құрамасы сыйлық ретінде тағы 30 млн лари алады», – делінген үндеуде.
Еске сала кетейік, Иванишвилидің «Карта» қайырымдылық қоры 24 сәуірде өзінің Еуропа чемпионатына дебюттік қатысуында топтық кезеңінен шыға алатын болса, команда ойыншылары мен жаттықтырушыларына 30 млн лари тапсыруға уәде берген болатын. «Карта» сондай-ақ осы жарыстағы бұдан кейінгі әрбір жеңіс үшін қосымша 30 млн лари төлеп тұруға уәде етті.
Биыл Грузия құрамасы өзінің тарихында бірінші рет ірі халықаралық турнирге қатысып отыр.
Тағы да еске салайық, кеше түнде топтық кезеңнің соңғы турында Сакартвело ұлттық құрамасы Португалия командасымен ұшырасып, оны 2:0 есебімен жеңіп кетті. Матчтың 2-минутында Хвача Кварацхелия есеп ашса, 57-минутта Жорж Макаутадзе пенальтиден гол соқты. Сөйтіп, топтағы үш ойыннан төрт ұпай жинаған картвельдер үшінші орынға көтерілумен бірге плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Алда 1/8 финалдық ойындар тұр. Енді 29 маусым күні сағат 21:00-де (Астана уақыты бойынша) Швейцария мен Италия құрамалары Берлинде алаңға шығып, плей-офф ойындарын бастап береді. Сол күні түнгі сағат 00:00-де Германия мен Дания құрамалары Дортмундта күш сынасады.
Бұдан әрі турнир мынадай матчтармен жалғасады:
30 маусым. 21:00. Англия – Словакия (Гельзенкирхен), 00:00. Испания – Грузия (Кёлн);
1 шілде. 21:00. Франция – Бельгия (Дюссельдорф), 00:00. Португалия – Словения (Франкфурт);
2 шілде. 21:00. Румыния – Нидерланд (Мюнхен), 00:00. Австрия – Түркия (Лейпциг).
Ширек финалдық кездесулер 5-6 шілде күндері Штутгарт, Гамбург, Дюссельдорф, Берлин қалаларында сағат 21:00-де және 00:00-де ойналады. Ал жартылай финалдық ойындар 9-10 шілдеде сағат 00:00-де Мюнхен мен Дортмундта өтеді. Финалдық матч 14 шілдеде, сағат 00:00-де Берлинде жалау көтереді.