Футбол: Нұралы Әліп «Зенитке» Ресей Кубогын алып берді (видео)
МӘСКЕУ. 3 маусым. Кеше түнде Нұралы Әліп Мәскеуде ойналған Ресей Кубогының финалында «Зенит» командасына жеңісті тартып алып берді. Бұл туралы Ресей бұқаралық ақпарат құралдары деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Санкт-Петербургтің «Зениті» Калининградтың «Балтикасын» матчтың 90+5-минутында қазақ футболшысы Нұралы Әліптің баспен ұрып соққан голы арқылы 2:1 етіп жеңді.
Жасыл алаңға Ресей премьер-лигасы лидері мен оған биыл дебютант болып кіріп, қайта шығып қалып жатқан аутсайдер шыққанына қарамастан, матч аса тартысты өтті. Бұған бірнеше жайт себеп болған сияқты. Біріншіден, жоғарғы эшалонмен қоштасқалы тұрған «Балтика» Кубокты жеңіп алу арқылы өз жанкүйерлерінің көңілдерін бір демдемек болды. Екіншіден, «Зениттің» бас жаттықтырушысы Сергей Семак пен «Балтиканың» бас коучы Сергей Игнашевич кезінде құрама сапында бірге ойнаған, алаңнан тыс жерде өзара достық қатынаста жүрген жарандар. Үшіншіден, осы Кубокты жеңіп алса, петербургтіктер тарихта тұңғыш рет трейбл жасар еді. Олай дейтініміз, жылдың басында Суперкубокқа қол жеткізген олар биыл тағы да елдің чемпионы атанып тұрды. Енді олардың қатарына тағы бір Кубок қосылса, бұл үш тағанды жеңіс болып шығады.
«Зенит» ойынның алғашқы минуттарынан белсенді ойнай бастады. Оның қысымы барған сайын арта түсті. Бірақ бұл шабуылдардан бәрібір оң нәтиже шықпады. Есесіне, 39-минутта «Балтика» шұғыл қарсы шабуыл ұйымдастырып, қарсыластар қақпасынан саңылау таба қойды. Командаласы Виталий Лискаовичтен пас алған шабуылшы Данила Козлов допты көп кідіртпей айып алаңына қарай самғатты. Оны Алекс Фернандес қақпаның алыс бұрышына ұрып түсіріп, есеп ашты.
Екінші тайм негізінен алма-кезек шабуылмен өтті. Оның орта тұсында, 69-минутта «Зенит» сапындағы бразилиялық Вендел таразы басын теңестірді. Бірақ оған пас берген Александр Ерохиннің соның алдында доппен таласта қарсыласы Александр Жировты аяғынан теуіп құлатқаны анықталды. VAR-ды қарап келген төрешілер сосын голды санамай тастады.
Арада 12 минут өткеннен кейін «Зенит» есепті шындап теңестіре алды. Оны 81-минутта Нино жасады. Осыдан кейін зениттіктер қарқынды үдетті. Енді ойын бір жақты шабуылға ұласып кетті.
Матчтың соңғы жағында петербургтіктер қатты ышқынды, олар бәсекелестері алаңынан шықпай қойды. Калининградтықтар бұл нөпірді қолдарынан келгенше қайтарып бақты. Бір кезде Жиров допты айып алаңы ішінен теуіп сыртқа ұзатты. Оны зениттіктер тез қайта тартып алды. Сол сәтте сол жақ қапталға барған Андрей Мостовой допты айып алаңына қайта әуелетті. Міне, соған бәрінен бұрын жеткен Нұралы баспен ұрып, қақпаның алыс бұрышына гүмп еткізді (Төмендегі суретте сол мезет көрсетілген). Есеп – 2:1! Сөйтіп, ол негізгі уақытқа қосылған 5-минутта өз командасына жеңісті тартып әперді.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдары бұл матч жөнінде көсілтіп көп жазды, соның ішінде соңғы жеңісті гол жайында да бірер сөзбен ләм білдіре кетті.
«Концовка прошла под подавляющим преимуществом «Зенита» и на предпоследней добавленной минуте санкт-петербургская команда соперника всё-таки дожала. Жиров выбил мяч из штрафной. Свеженький Андрей Мостовой сделал повторный кросс и Нуралы Алип красивым ударом головы поставил в этом матче золотую и победную точку», – деп атап көрсетті совет дәуірінен бері келе жатқан атақты «Советский спорт» газеті. Заты құрығанмен, аты жоғалмаған басылым аталмыш матчқа тұтас бір бетке жуық материалын арнады. Соның ішінде бір ауыз сөзбен болса да, Нұралы Әліптің ерлігін айта кетуге әддісі жетті.
Алайда, ұйымдастырушылар қауымы соңында Нұралыны емес, «Балтиканың» қақпашысы Евгений Латышонокты матчтың үздік ойыншысы деп жариялады.
Ал «Футбол на Куличках» порталы болса, былай деп айдақтатты: «Безусловно, главным героем матча стал Алип, принесший победу «Зениту». Но нынешний финал – тот редкий случай, когда звание лучшего игрока заслужил представитель проигравшей команды. Латышонок выдал очередную прекрасную игру. Евгений по ходу встречи отметился большим количеством ярких спасений. Если бы не он, «Зенит» бы намного раньше воплотил игровое преимущество в забитые мячи».
Ресейдің тәуелсіздік жылдарында пайда болған ең беделді, ең көлемді спорт газеті – «Спорт-Экспресс» те бір сөйлемнің ішінде Нұралы Әліптің еңбегін атап өтуге мүмкіндік тапты. Ол: «Героем «Зенита» стал Алип! Да, еще один центральный защитник забил «Балтике» и принес сине-бело-голубым эмоциональнейшую победу. Петербуржцы взяли все трофеи за сезон!», – деп сүйкеп өтті.
Ал «Матч» телеарнасынан репортаж жүргізген комментатор Нұралы Әліпті Қазақстанға балап жіберді.