WаPo: АҚШ-тың ескертуінен соң Қытай РФ-ға көмек беруден бас тартты
БЕЙЖІҢ. 29 мамыр. АҚШ президенті Джо Байденнің қатты ескерту жасауынан кейін Қытай Ресейге қару-жарақ беріп тұрудан бас тартты. Бұл туралы The Washington Post ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қытай соғыстың басында Ресей президенті Владимир Путиннің өтініші бойынша оған қару-жарақ жағынан жәрдемдесіп тұруға уәде берген болатын. Бірақ Бейжің Уашингтон жақтан осыған байланысты қатқыл сөз айтылып, қатаң ескерту жасағаннан кейін мұнысынан жылдам қайтты.
The Washington Post газетінің тілшісі Дэвид Игнатиус өзінің мәнбесіне сүйене отырып, осының жай-жапсарын таратып жазды. Оның айтуынша, АҚШ президенті Джозеф Байден ҚХР төрағасы Щи Жиңпиңге қоңырау шалып, Ресейге көмек көрсетудің зардаптары қандай боларын айтқан кезінде «бәрі жөнелтілуге дайын тұрған» екен. Осыдан кейін Қытай Ресейге тікелей қару-жарақ жөнелтуден бас тартып, оны астыртын беріп тұруға көшкен көрінеді.
Америка мәтбұғатының мәліметінше, Қытай лидері өзінің бұрынғы премьер-министрі мен Батыспен келіссөз жүргізу жөніндегі сенімді өкілдерінің бірі Лю Хэ жолдасқа Ресейге тып-тыныш, ақырын, ешкімге білдірмей әскери көмек беріп тұруды тапсырыпты.
Қоңырау шалу 2022 жылғы 18 наурызда орын алған. Сонда Щи Жиңпиң мен Джо Байден екі сағатқа жуық уақыт сөйлесіпті.
Ал қазіргі кездері Қытай Ресейге әскери көмек беруді барынша қысқартып тастаған көрінеді. Берсе де, басқа үшінші бір ел арқылы жіберіп тұруды жүзеге асырып жүргенге ұқсайды.