Он ел Украинаның өз қаруларымен Ресей аумағына соққы беруіне келісті
МӘСКЕУ. 29 мамыр. Батыстың 10 елі өздері берген қарулармен Украинаның РФ территориясына соққы жасауларына келісімдерін берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ең бастысы, соққылардың нысанасы Ресей жеріндегі әскери нысандар болуы тиіс. Азаматтық инфрақұлымдарға шабуыл жасауға рұқсат етілмейді. Бастаманы Франция, Ұлыбритания, Нидерланд, Польша, Швеция, Финляндия, Чехия, Литва, Латвия және Эстония қолдады.
Осындай ұсыныспен басында Франция президенті Эммануэль Макрон шыққан еді. Ол Германия канцлері Олаф Шольцпен 28 мамырда өткен кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында өз идеясын жайып салды. «Біз Украина өз территориясына соққы беріліп жатқан Ресей облыстары аумақтарындағы әскери нысандарды атқылауға тиіс деп есептейміз», – деді ол.
Сол күні Чехия премьері Петр Фиала Украинаның алған қаруларын өз территориясынан тыс жерлерде де пайдалана алатын болуы керек екенін айтты.
Варшава Киевтің поляктар берген қару-жарақтарды Ресей территориясына пайдалануына шектеу қоя алмайтынын баяндады. Мұндай мәлімдемені ақпан айында Финляндия да жасаған болатын.
Ұлыбританияның бұрынғы премьері Дэвид Кэмерон Украинаның Ұлыбритания берген қаруларды қайда қолдану керектігін өзі шеше алатынын атап өтті.
Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель 28 мамырда украин армиясының Ресей территориясын атқылауы халықаралық нормаларға сай келетінін жеткізді. Ол бұл орайда қару-жарақтың кімнен алынғаны ешқандай рөл ойнамайтынын ескертіп өтті.