Әлия Юсупова: Біздің гимнастикада мұндай жетістік бұрын-соңды болмаған
АСТАНА. 30 мамыр. Қазақстан Гимнастика федерациясының президенті, атақты гимнастшы Әлия Юсупова отандық гимнастиканың биыл бұған дейін болмаған жетістікке жетіп отырғанын айтты. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Отандық атлеттер биыл Олимпиялық ойындарға гимнастиканың үш түрі бойынша да қатысады.
Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасына тұңғыш рет толық құрамда барғалы тұр. Оларды батутты гимнастикадан Данил Мұсабаев, спорттық гимнастикадан Милад Карими мен Нариман Құрбанов, көркем гимнастикадан Элжана Таниева құрайды. Олар осы кезге дейінгі олимпиялық іріктеуден сәтті өтті.
Сондықтан федерация президенті Әлия Юсупова гимнастардың іріктеу турнирлері мен Азия чемпионатындағы өнерлеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан Олимпиялық ойындарға гимнастиканың қатарынан үш түрінен бірінші рет жолдама алып отыр.
«Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Гимнастиканың үш түрінен де Олимпиадада сынға түсеміз. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. 2016 жылы спорттық гимнастикадан, 2020 жылы батутты гимнастикадан жолдамасыз қалдық. Көркем гимнастика өкілдері 2004 жылдан бері Олимпиада ойындарына үздіксіз қатысып келеді. Міне, биыл Элжана Таниева квота еншіледі. Батутты гимнастикадан Данил Мұсабаев, спорттық гимнастикадан Милад Карими мен Нариман Құрбанов жолдама жеңіп алды. Өте керемет нәтиже. Осы жетістікке жету үшін спортшылар, жаттықтырушылар және федерация басшылығы бірлесе жұмыс істеді. Спортшылардың жанын түсініп, олармен сөйлесу керек. Өйткені, өзім де кезінде спортшы болдым. Қазір жаттықтырушы ретінде олардың көпшілік ұғына бермейтін сырларын түсінуге тырысамын», – деп атап өтті Әлия Мақсұтқызы.
Федерация басшысы Париж Олимпиадасына қатысатын спортшылардың маусым бойы тынымсыз еңбек етіп, әл-қуат дайындығы тұрғысынан бөлек, психологиялық жағынан да үлкен сынақтан өткенін әңгімеледі.
«Данил Мұсабаев Олимпиадаға алғаш рет барады. Ол Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша жолдамаға иелік етті. Бұл мүмкіндікті өзінің еңбекқорлығының арқасында жеңіп алды. Оның жетістігіне өте қуаныштымыз. Милад Карими былтырғы әлем біріншілігінде квота иегері атанса, Нариман Құрбанов жақында Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан орын алды. Элжана Таниева былтырғы әлем біріншілігінде лицензия ала алмады. Содан соң оған психологиялық жағынан жиналу өте қиын болды. Себебі, жауапкершілік жүгі ауыр еді. Десе де, Таниева сынып кетпеді. Бар жігерін жинап, құрлық додасында чемпион атанып, Париж ойындарына квота алды», – деді Әлия Юсупова.
Спорттық және көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионаты жақында ғана Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында өтті. Біздің спортшылар Ойындар қарсаңындағы тартысты турнирде аянып қалған жоқ. Ташкентте Карими, Құрбанов және Таниева чемпион атанды.
«Ташкенттегі нәтижені тарихи жетістік деп айтар едім. Нариман Құрбанов тұтқалы ат снарядында чемпион атанып, Азияның екі дүркін жеңімпазы болды. Милад Карими болса, тарихта тұңғыш рет көп сайыстан күміс жүлде, кермеден алтын медаль алды. Бұл Азия біріншілігі Олимпиада қарсаңындағы ірі жарыс саналады. Себебі, құрлық додасында жақсы өнер көрсету арқылы спортшылар өз мүмкіндіктерін бағамдап, жеңіске жету арқылы сенім ұялатады. Оның үстіне, Нариман мен Миладтың басты қарсыластары негізінен Азия құрлығында. Сондықтан, ешкім құрлық додасына жай, өзін тексеру үшін бармайды. Қандай жарысқа қатысса да, жүлде алып, жоғары нәтиже көрсетуге тырысады», – деді Әлия Юсупова.
Суретте: Элжана Таниева