Роза Рымбаева мен Алтынбек Қоразбаев Қырғызстанның халық әртісі атанды
АСТАНА. 20 сәуір. Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР-ның халық әртісі, әйгілі әнші Роза Рымбаева мен Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев Қырғызстанның халық әртісі атағына ие болды. Бұл туралы Egemen.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстанның мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов мәдениет және өнер өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау ғасырларға ұласқан достықтың, ортақ мәдениеттің, дамып келе жатқан ынтымақтастықтың белгісі екенін айтты.
Бұдан бөлек, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жарлығымен Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, ақын Мұхтар Шаханов – «Данакер» орденімен, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова – «Даңқ» орденімен, публицист, әдебиеттанушы, журналист, киносыншы Сауытбек Абдрахманов, мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейт Түймебаев – «Достук» орденімен, «Таң-Шолпан» көркем-әдеби журналы редакторлар кеңесінің төрағасы, бас директоры Дидар Құлкенов «Даңқ» медалімен марапатталды.
Еске сала кетейік, Роза Қуанышқызы Рымбаева жоғарыда атап өтілген атақтардан бөлек, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, Қырғызстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Ленин комсомолы сыйлығының екі дүркін лауреаты, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, педагог, профессор болса, Алтынбек Қоразбайұлы Қоразбаев Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.