Көк найзаны қан мен терге суарған,
Мақтанамыз Қазақпыз деп ту алған.
Көңілдерге қаяу салған бұл күнде,
Өңірлерге басу айтам су алған.
Су тасқыны. Болды ау бізге мол уайым,
Ел мен жұртқа жұбату жыр жолдайын.
Қамбамызды алтын дәнге толтырған,
Суға кетті ау Қостанай мен Торғайым.
Үкіметке артып үміт, бек сенім
Жақсы күнді, мол бақытты көкседің.
Абылайды ақ киізге көтерген
Күні анау көрікті өлке Көкшенің.
Жалғап тұрған Еуропаның торабын,
Батыстағы Атырау мен Оралым.
Кімге барып, кімге айтып, артасың
Суға кеткен мал мүлкіңнің обалын.
Даласында тұнған тарих нақ терең,
Жігіттері қылыш ұстар ақберен.
Топаң судан топалаң боп жатыр ма,
Кереку мен Абайым мен Ақтөбем.
Тоқтағанда бұрқасын мен ақ боран,
Суға кетті үйің, аулаң, ат қораң.
Бренд қылған алмасы мен бидайын,
Селде қалды, Алматы мен Ақмолам.
Қазағымды қалжыратты бұл ойран,
Ел жұртыма не айтамын мұңайған?!
Дұға қылып, қайырлы іс тілейік,
12 айға Сұлтан болған бұл айдан….
Ақшадан да, басқадан да пайда жоқ,
Құлшылық қып сұрамасақ Құдайдан!
Талғат КҮЗЕМБАЕВ,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы,
Бала би ауылы
Суретте: Қостанай облысындағы су тасқынынан көрініс / Kursiv.media