Қызылорда облысында сең қозғалды, су тасқыны қаупі күшейді

ҚЫЗЫЛОРДА. 21 ақпан. Сырдария өзенінің Қызылорда облысы тұсында сең жүре бастады, су тасқынының қаупі туды. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осы шақта дария бойын қоныс еткен 30 елді мекенді тасқын басып қалу қатері бар.
Қазіргі таңда өзен арнасы бақылауға алынып, азаматтық қорғау қызметі дайындық жасап жатыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков өңірге барып, жағдайды байқап, бағамдады
Бүгінде өзеннің Қызылордаға дейінгі бөлігі мұздан толық тазарған. Іркес-тіркес аққан сең қала тұсынан баяу өтуде. Ал қауіпті саналған 5 учаске бақылауға алынған. Солтүстік аудандардағы мұздың қалыңдығы 20-40 см шамасында. Аймақта су басу қаупі жоғары 29 елді мекен болса, онда тұратын халық саны 70 мыңға жуықтайды. Мамандардың болжамынша, Сырдариядағы сең наурыз айының орта шенінде Арал теңізіне жетуге тиіс.
«Дарияда сең жүріп жатыр. Қорғаныс бөгеттері қалыпты жағдайда. Облыс аумағында 61 эвакуациялық жинақтау және 71 эвакуациялық қабылдау бекеті орналасқан. Сонымен қатар 22 уақытша орналастыру бекеті, 13 жылыту бекеті жұмыс істейді», – деді облыстық ТЖД басқарма бастығы Бейбітхан Спанов.