Ресей мен шетел лидерлері Мәскеудегі террорлық актіні қалай бағалап отыр?
ВАРШАВА. 23 наурыз. Кеше кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында орын алған атыс пен жарылысқа байланысты РФ мен шетел лидерлері өз ойларын ортаға салды. Бұл туралы «Белсат» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Беларусьтің оппозициялық порталы Кремль спикері Дмитрий Песковтың қайғылы оқиғаның жайы Владимир Путинге «алғашқы минуттарда-ақ» жеткізілгенін баяндағанын айтқанын жазды. Бірақ «патша» тарапынан бұған бірден реакция бола қоймаған.
Таяуда белгісіз жағдайда бақилық болып кеткен ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная әлеуметтік желіге: «Қандай сұмдық! «Крокусте» қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамын, зардап шеккендердің тезірек жазылып кеткендерін тілеймін. Бұл қылмысқа қатысы барлар тез тауып алынып, тиісті жазаларын алулары тиіс», – деп жазды.
Беларусьтің мойындалмаған президенті Аляксандр Лукашенка өзінің және белорус халқының атынан көңіл айта отырып, былай дейді: «Ешқандай жазығы жоқ адамдарға қатысты жасалған, ешқандай ақтап алуға жатпайтын бұл айуандық кісі өлімін жасағандарды батыл айыптаймыз. Бұл зорлық-зомбылық акциясына қатысқандардың анықталып, тиісті жазаларын алатындарына сенімдімін».
Беларусьтің заңды сайланған халықтық президенті Светлана Тихановская Мәскеудегі атыс жайында алғашқылардың бірі болып ойын жеткізді.
«Бүгін «Крокус Сити Холл» концерт кешенінде орын алған теракт менің есіме 2000 жылдың басындағы оқиғаларды түсірді, тұрғын үйлердегі жарылыстардан кейінгі сұмдық көріністер, «Норд-Осты» басып алу, Бесланда адамдарды кепілдікке қою… Кейін соғыс бастап кету үшін негізгі себеп болған трагедия… Оларды Ресей билігі өзі ұйымдастырып еді. Шешендермен соғысу үшін…», – деп атап өтті ол.
«Егер қазір де бұл оқиға жаңа соғыс жариялаудың сылтауы болатын болса, біз бір шетте қарап отыра алмаймыз. Жүріп жатқан кең ауқымды соғыс Беларуське тікелей қауіп төндіріп отыр, Ресей оны өз жоспарын жүзеге асыруына толыққанды қатысушы етуге барын салуда», – деп жазды Тихановская соңыра.
Саясаткер өз жазбасының соңында трагедия барысында қаза тапқандардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты, зардап шеккендердің тез сауығып кетулеріне тілектестік білдірді.
Беларусь бірлескен көшпелі кабинеті басшысының орынбасары Павел Латушка өзінің видео үндеуінде бұдан бұрын АҚШ пен басқа да елдер өкілдерінің Мәскеуде осы күндері террорлық акт орын алуы ықтимал екенін ескерткенін еске салды. Ол Беларусь пен Ресейдегі белорустарды оқиға орын алған жерден қашық жүруге, жалпы адамдар көп жиналған жерлерге бармауға шақырды.
Америка Ақ үйінің өкілі Джон Кирби 22 наурыз күні берген брифингінде АҚШ-тың бұл терактінің нақты қай күні орын алатынын алдын-ала білмегенін мәлімдеді. Ал бұған Украинаны қатысты етіп айыптағысы келіп жатқан Кремль итаршыларының мәлімдемелері шындыққа ешбір жанаспайтынын айтты.
Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев егер террорлық актіні «Киев режимі ұйымдастырғаны» анықталатын болса, олардың тез арада қолға түсіріліп, Украинаның ресми тұлғаларына дейін түгел «жоқ етілетінін» баяндады.
Украина бас барлау қызметінің өкілі Ондрий Юсов Мәскеудегі адам атысты «Путиннің арнайы қызмет органдары саналы түрде жасап отырған арандатушылығы» деп мәлімдеді. Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михайло Подоляк Украинаның Крокустегі трагедияға ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізді.
Қазір Ресейді қандықол диктатор Путиннен азат ету үшін Украина жағында соғысып жатқан, орыс еріктілерінен құралған «Свобода России» легионының командирлері теракті үшін тек Кремльдің айыпты екенін, бұл сұмдық қылмыстың артында РФ режимінің тұрғанын атап өтті. Олар Ресей басшылығы елде шұғыл мобилизация жүргізу үшін мұны арнайы ұйымдастырып отырғанын баяндай келіп, 1999 жылы соғыс жариялау үшін Ресей арнайы қызмет органдарының Рязаньда тұрғын үйлерді өз қолдарымен жарып жібергендерін, операцияның «Рязань қанты» деп аталғанын еске түсірді.
Мәскеудегі терактілердің артынша Сърбия президенті Александар Вучич 23 наурыз күні ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтетінін жариялады. Бірақ бұл оқиғаға Белградтың қаншалықты қатысы бар екені түсініксіз болып қалды. Мұның алдында Ресейге бүйрегі бұрып тұратын Сърбия билігінің Путинге дауыс беруге қарсы шыққан Ресей азаматтарын елден шығару жөнінде ұйғарым жасағаны белгілі. Айта кетейік, серб жеріне мобилизация әлегінен қашып келген 5 мыңнан аса РФ азаматының тек 10,97 пайызы ғана президент сайлауында Владимир Путинге дауыс берген, ал 67,15 пайызы оның «қарсыласы» Владислав Даванковты қолдаған. Мұны «провал» деп қабылдаған Александар Вучич қимас досы Путинге қарсы дауыс бергендердің бәрін елден қуып шықпақ болды.