«Крокус» концерт кешеніндегі теракт салдарынан кемінде 93 адам қаза тапқан
МӘСКЕУ. 23 наурыз. Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» спорт кешенінде кеше кешке орын алған террорлық акт салдарынан кемінде 93 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей тергеу комитеті «Крокус Сити Холл» концерт залындағы атыс пен жарылыс кезінде 93 адамның оққа ұшқанын растады.
«Қазіргі мезетте қаза тапқан адамдар саны 93-ке жетіп отыр. Қаза тапқандар қатары барған сайын көбейіп келеді. Алдын ала мәлімет бойынша, адамдардың қаза табуына отты қарудан оқ атылуы мен жану құралдарынан улану себеп болғаны айтылып отыр», – делінген тергеу комитетінің хабарламасында.
Ведомстводағылар терроршылардың көрермендер отырған залды отқа орау үшін тез тұтанатын сұйықтарды пайдаланғандарын айтады.
Көрермендер сол күні концерт залына «Пикник» тобының концертін көру үшін жиналған болып шықты.
ФСБ директоры Александр Бортников Ресей президенті Владимир Путинге «Крокустегі» терактіге қатысы бар деген күдікпен 11 адамның ұсталғанын, олардың 4-і ықтимал терроршылар екенін баяндады.