Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақстанның Грекиямен өткен тарихи матчы ірі есеппен жеңілумен аяқталды

АФИНА. 22 наурыз. Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына шығу жолында өткізген матчында Грекия ұлттық командасынан күйрей жеңілді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіндегі жартылай финалдық ойын шеңберінде өткен кездесуде гректер 5:0 есебімен жеңіске жетті. Олар алғашқы төрт голды бірінші таймда салып үлгерді.

Матч Афинаның OPAP Arena (бұрынғы – «Айя София») стадионында ойналды. Оған  Данни Маккели бастаған  нидерландтық төрешілер қазылық етті.

Командалар мына құрамда ойнады:

Грекия: Одиссеас Влаходимос, Джордж Болдок (Лазарос Рота, 67), Константинос Мавропанос, Пантелис Хацидиакос (Панайотис Ресоц, 46), Константинос Цимикас, Димитриос Курбелис, Тасос Бакасетас (Андреас Бухалакис, 73), Петрос Манталос, Гиоргос Масурас, Фотис Яннидис (Янис Константелиас, 63), Димитриос Пелкас (Гиоргос Якумакис, 63);

Қазақстан: Игорь Шацкий, Бағдат Қайыров (Еркін Тапалов, 46), Марат Быстров, Александр Марочкин, Темірлан Ерланов, Ян Вороговский, Ислам Чесноков (Александр Зуев, 67), Абзал Бейсебеков (Әділет Сәдібеков, 46), Бактиёр Зайнутдинов, Эльхан Астанов (Рамазан Оразов, 46), Максим Самородов (Абат Айымбетов, 77).

Бірден ақиқатын айтайық, Қазақстан құрамасы қайшыласу матчын өте төмен, сүреңсіз өткізді. Алаңдағы арбитрдың ойын басталғаны жөнінде белгі берген алғашқы ысқырығы естілген сәттен алға ұмтылған алаң иелері бірден тізгінді өз қолдарына алып, біздің қақпаға оқтын-оқтын қауіп төндіре бастады.

Мұның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Кездесудің 9-минутында гректердің капитаны Анастасиос Бакасетас пенальтидан гол соғу мүмкіндігін мүлт жібермеді. 30 жастағы хавбектің солқылдата соққан добы біздің Игорь Шацкий қорғаған дарбазаның торын үзіп жібере жаздады. 11-метрлік айып добы өз алаңы ішінде қорғаушы Бағдат Қайыровтың қарсыластар ойыншысын тірсегінен қағып құлатқаны үшін белгіленді.

Осыдан кейін қарқынға қарқын қосқан алаң иелері 15-минутта оң қапталдан құйындай құйғытқан тез шабуыл ұйымдастыра келіп, есепті еселей түсудің тағы бір оңтайын келтіре қойды. Айып алаңы ішінде допқа бәрінен бұрын жеткен Димитриос Пелкас оны баспен ұрып, тордан бір-ақ шығарды. Келесі гол да тап осындай желорай жорық орайында соғылып кетті. Элладалықтар 37-минутта тағы да оң қанаттан суырылып алға аттап, қақпа алаңына қарай әуелете доп жеткізді. Оның нүктесін Фотис Яннидис торды тағы да бүлк еткізумен қойып берді.

Ал төртінші гол 40-минутта салынды. Біздің айып алаңы аумағында жоғарыдан келген допқа бірінші егелік еткен Димитриос Курбелис қолайлы мезетті қапысыз пайдалана білді.

Матчтың соңғы нәтижесін қазақстандықтардың қорғаушысы Александр Марочкин шығарды: ол 86-минутта айып алаңы ауданындағы қарбалас сәттердің бірінде өз қақпасына гол соғып алды.

Айта кетуіміз керек, енді Грекия құрамасы 26 наурыз күні Тбилисиде Грузия ұлттық командасымен Ұлттар лигасының финалдық ойынын өткізіп, Еуро-2024 чемпионатының жолдамасын сарапқа салады. Дәл сол күні Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жартылай финалында Грузияға 0:2 есебімен жол беріп қойған Люксембург терме жамағатымен ойнайды.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button