НАТО әскер комитетінің басшысы Ресеймен соғысуға дайын екендерін мәлімдеді
КИЕВ. 22 наурыз. Солтүстік альянс әскери комитетінің басшысы адмирал Роб Бауэр Киевке сапары кезінде Батыстың Ресеймен болуы ықтимал жанжалға дайын екендерін айтты. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бауэр НАТО-ның соңғы кездері өзінің шығыс шебіндегі позициясын айтарлықтай нығайтып алғанын әңгімеледі. Осылайша, 2016 жылы альянс Балтық бойының үш мемлекетінің қатысуымен шекараны кеңейту бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен. Ал 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Словакия, Венгрия, Румыния және Болгария елдерімен бағдарламасын кеңейте түсті.
«Қазір бізде осындай сегіз жауынгерлік топ бар, олар қажет болған жағдайда бір бригадаға біріге алады. Егер бұдан да ірілендіру керек болып жатса, оның да мүмкіндігін қарастырамыз. Бірақ әзірге осының өзі жеткілікті деп ойлаймын», – деді Бауэр.
«Біз мұндай қадамға баруды РФ 2014 жылы Қырымды аннексиялап алғаннан кейін ойластыра бастағанбыз, – деді ол. – Бұл НАТО мүшелерінің ұжымдық қауіпсіздікке қайта оралу қажеттігін түсінген өте маңызды кезеңі еді. Себебі, соңғы 20-30 жылда біз тек дағдарысты жағдайларға ғана араласып келген едік».
Бауэр қазір Ресейдің шығыс қапталда ғана емес, сонымен қатар ғарышта да қауіпті болып отырғанын атап өтті. «Олар ғарышта да, киберкеңістікте де, Арктика мен Атлант мұхитының батысында да бар. Ресейліктер Африкада да, Жерорта теңізі мен Қара теңізде де жүр. НАТО тап сондықтан да олардың әрбір қадамын мұқият қадағалап отырады, қажет болған жағдайда бірден іске араласады», – деді ол сосын.
Биылғы ақпан айында АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Украинаның жеңілісі НАТО-ны Ресеймен соғысуға алып келетінін мәлімдеген болатын. Демек, Украина жеңіліп қалғандай болса, оның орнын Солтүстік альянс басып, Ресейдің бұдан әрі асыр салуына жол бермейді, оны күйретіп тынады. Енді РФ-ның мына соғыстан аман шығуы неғайбіл.
Осының алдында Еуропаның төрт елі (Эстония, Литва, Нидерланд, Ұлыбритания) француз лидері Эммануэль Макронның Украинаға әскер жіберу жөніндегі мәлімдемесіне түсіндірме бере келіп, мұндай сценарийдің жүзеге асырылуы мүмкін екенін жоққа шығармайтындарын айтқан еді.
Әлемдері барлық елдердің, әсіресе, импершіл Ресеймен көрші посткеңестік мемлекеттердің бақытына орай, НАТО мен АҚШ жаһандағы барлық артық қимыл-әрекеттерге тізгін сала алатындай болып өзара тығыз топтасып жатыр. Әйтпесе, соғысқұмар басқыншы Кремль басшыларынан бәрін күтуге болады.