Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шықты
СЕМЕЙ. 3 наурыз. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шықты. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Бүгін қазақстандық құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» санатына қосқан тұлғаның өзін мерзімінен ерте босату туралы өтінішін қанағаттандырған Семей қалалық №2 соты оның құлып астынан босап шығуына мүмкіндік берді.
Сот отырысына Қазақстанның әр түкпірінен қоғам белсенділері мен сотталушыны қолдаушылар жиналды. Олар сот басталмай тұрып, залда Мұхтар Жәкішевке бостандық сұрап, ұрандатты. Сотқа Мұхтар Жәкішев скайп арқылы қатысты.
Өткен жылы 24 шілдеде Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан болатын. Семей соты «Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (қазіргі курспен 258 миллион доллар) шығынды өтемегенін» айтқан. Қыркүйек айындағы апелляциялық сот бұрынғы шешімді өзгертпеді.
Соттың алдында және одан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында биліктен Жәкішевті босатуды талап еткен наразылық акциялары өтті.
Мұхтар Жәкішевті саясаттанушылар «білікті менеджер» деп есептейді. Ол 2009 жылы 21 мамырда «Қазатомөнеркәсібі» компаниясының басшысы қызметінен алынып, 24 мамырда тұтқындалдын. Ол «Венада (Австрия) «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келді» деген айыппен 14 жылға сотталған.
2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалған тағы бір іс бойынша Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты үкім шығарды. Бұл жолы оған «ірі көлемдегі алаяқтық» (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау» (176-бап), «заңдастыру» (193-бап), «қылмыстық топ құру» (235-бап), «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл жаза бұрынғы 14 жылдық жазамен біріктірілді. Екінші қылмыстық іс бойынша сот отырыстарына Мұхтар Жәкішев пен оның өзі жалдаған адвокаттары қатысқан жоқ.
Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспеді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар «Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады» деп санайды. Қазақстан билігі елде «саяси тұтқындар жоқ» деп есептейді.
Халықаралық ұйымдар да бірнеше рет Қазақстан билігінен Жәкішевке бостандық беруді сұраған. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған.