Қаныбек Осмоналиев тергеу оқшаулағышына қамалды
БІШКЕК. 3 наурыз. Парламенттің бұрынғы депутаты Қаныбек Осмоналиев кешегі көше қақтығысы кезінде қылмыс жасады, деген айыппен ұлттық қауіпсіздік комитетінің оқшаулағышына қамалды. Бұл туралы АКИpress хабарлады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу-жедел шараларын жүргізу барысында экс-депутат Қаныбек Осмоналиевті 2 наурызда өткен митингінің ұйымдастыругшылардың бірі деп танып, оны комитеттің тергеу оқшаулағышына отырғызды. Оған Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 39 және 309-баптары (Билікті күшпен басып алуға әрекет ету) бойынша күдік таңылып отыр.
Кеше, 2 наурыз күні Бішкектің орталық көшелерінде экс-депутат Садыр Жапаровтың жақтастары оны түрмеден босатуды талап етіп, митингіге шыққан болатын. Оған 1,5 мың адам қатысты. Олардың арасынан 166 адам ұсталып, соңынан түсінік жұмыстары жүргізілгесін 162 адам босатылды.
Қазір ұсталғандарға қатысты сот алдындағы тергеу жүріп жатыр.
Айтқандай, істі болып жатқан бұл бұрынғы депутат ауыр атлетикадан 1980 жылғы Олимпиада чемпионы, әлемнің төрт дүркін және Еуропаның екі мәрте чемпионы Қаныбек Осмоналиевтің толық аттасы болып табылады. Зілтемірші Қаныбек ешқашан парламент депутаты болып көрген жоқ. Ол қазір Бішкекте спорт мектебін басқарады.
Экс-депутат Қаныбек Осмоналиев 1956 жылы 21 қаңтарда Ош облысында туған. Демек, ауыр атлет Қаныбек Осмоналиевтен үш жас кіші.