Лимон өсіріп-ақ миллионер болып шықты
ТҮРКІСТАН. 3 наурыз. Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты «Атамекен» ауылдық округіндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының егесі лимон өсіруден миллиондаған теңге ақша тапқан. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлады.
Қожалық өткен жылы өзінің 10 сотық лимон жылыжайынан 5 тоннаға жуық өнім алған.
Шаруашылық басшысы жиналған өнімінің әр килосын 800 теңгеден саудаға шығарып, 5 миллион теңге таза пайдаға шыққан.
Қожалық егесі Мұрат Жұмабеков енді биыл лимон бағының көлемін тағы да 10 сотыққа ұлғайтыпты. Қазіргі күндері мұнда көшеттер топыраққа отырғызылып, күтіп-баптауға алынған.
«Лимон көшеттерін 2016 жылы Өзбекстаннан алдырттық. Жылыжай салып, үшінші жылы – 3 тонна, ал биыл 5 тонна өнім алдық. Әр түп шамамен 30-40 килодан өнім берді. Негізінен, әр түп лимон 25-30 жыл өнім бере алады», – дейді жылыжай бағбаны Юлдаш Аблазов.
Жалпы, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының иелігінде 17 гектар жер бар. Оның 6 гектарына шабдалы, 20 сотығына жүзім, 20 сотығына лимон, 80 мың түп шайлы роза көшеттері егіліпті. Қожалық төрағасы алдағы жылы лимон көлемін тағы да 30 сотыққа арттыруды көздеп отыр екен.
Бір айта кетерлігі, қожалық тәжірибе ретінде 2 гектар жерге құрма еккен екен. Алайда, сауысқан жемістің өсуіне көп кедергі келтіріпті.