Странджа: бізден үш боксшы жартылай финалда, өзбектерден -12!
СОФИЯ. 10 ақпан. Болгария байтағы – София қаласында өтіп жатқан «Странджа кубогі» халықаралық турнирінде үш қазақ боксшысы ғана жартылай финалға жолдама ала алды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Ақпанның 8-і күні өткен жекпе-жектерге бізден тек 92 келіге дейінгі салмақтағы Абзал Құттыбеков қана қатысты. Ол қазақстандықтар арасында бірінші болып ширек финалдық шайқасты өткізді. Алайда үндістандық Навин Навиннің алдында осалдық танытып, 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Жалпы, бұл күні 86, 92 келілерге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтарда 1/4 финалдық кездесулер ойналды.
Ал ақпанның 9-ында қалған салмақтарда ширек финалдық бәстер шаршы алаң шайқады.
Бұл күні бізден 8 боксшы рингке көтеріліп, үшеуі ғана кезекті бәсекелестерінен аса алды. Қазақстан құрамасы сапынан бірінші болып шайқасқан Оразбек Асылқұлов (57 кг) моңғол Енкх-Амар Хархуудан таза ұтылды – 0:5! Бұдан кейін тағы бір моңғол – Ганхуяг Ган-Эрденемен күш сынасқан Санжар Тәшкенбай (51 кг) қарсыласын 4:1 етіп тізе бүктірді. 54 келіге дейінгі салмақтағы Дәулет Молдашев франциялық Билал Беннамадан 0:5 болып жеңілді.
Келесі ұстасу 60 келіге дейінгі салмақтағы біздің Руслан Күздеубаев пен өзбек Абдумалик Халоковтың арасында өтті. Онда тәжірибесі де, атақтары да көп өзбек атлеті 5:0 есебімен басым түсті. Бұдан соң 63,5 келіге дейінгі салмақтағы Ерасыл Таңқай да өзбек боксшысының алдында дәрменсіздік көрсетті. Ол Адхамжон Мухиддиновтан 0:5 болып ұтылды. 67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбаев украин Данило Лозанды 4:0 етіп сүріндірді. Есесіне, 75 келіге дейінгі салмақта біздің Нұрқанат Райыс өзбектің белгісіздеу боксшысы Фазлиддин Эркинбоевтан 1:4 болып жеңіліс тапты. Соңынан 80 келіге дейінгі салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет украин Матвий Ражбадан 4:1 есебімен айласын асыра білді.
Сөйтіп, бізден Санжар Тәшкенбай, Дулат Бекбауов және Тұрсынбай Құлахмет жартылай финалға жолдама алды.
Сонымен, «медальдар ауылынан» орын алғандар мыналар:
Өзбекстан – 12, Үндістан – 6, Болгария – 5, Украина – 5, Алжир – 5, Грузия – 4, Қазақстан – 3, Иран – 2, Қырғызстан – 1, Түркия – 1, Франция – 1, Моңғолия – 1, Тәжікстан – 1, Армения – 1, Қытай – 1, Литва – 1. Ирландия – 1, Грекия – 1.
Қытайлықтар сапынан жүлдеге іліккен жалғыз боксшы қазақ жігіті Тоқтарбек Таңатқан болып отыр.
Жартылай финалдық шайқастар бүгін өтеді. Ал финал – ертең.
Ескерте кетейік, турнирге Украина – 21, Өзбекстан – 19, Болгария – 18, Грузия – 14, Үндістан – 13, Қырғызстан – 11, Алжир – 9, Моңғолия – 8, Иран – 7, Литва – 7, Молдов а– 7, ал Қазақстан 10 боксшы қосқан болатын.