Бірлестік Карлсонға сұхбатында нацизмді ақтағаны үшін Путинді сотқа берді
МӘСКЕУ. 10 ақпан. Қоғамдық «Комитет-2024» бірлестігінің өкілі Сергей Антонов тергеу комитетінен нацизмді ақтауға әрекеттенгені үшін Владимир Путинді жауапқа тартуды талап етті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қоғамдық бірлестіктің өкілі Ресей Федерациясының президентін нацизмді реаблитация жасауға әрекет етті деген айыппен жазалауды ұсынды. Бұған Владимир Путиннің америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатын айғақ етіп алды. Кремльдің көсемі онда Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына қатысты біраз бәдігін сапырған.
Сұхбат барысында Путин «поляктар Гитлерді Екінші дүниежүзілік соғысты бастап кетуге өздері мәжбүр етті» дейді. Тиран мұны Германияның алдымен «Данциг (Гданьск) дәлізін» өздеріне бейбіт жолмен бере салуын ұсынғанымен байланыстырады. Бірақ шляхтар Бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша алған жерін алмандарға қайтарып беруге құлықты болмайды. Сондықтан неміс фюрері 1939 жылғы 1 қыркүйекте Польша жеріне «амалсыз басып кіріпті».
Осы лақпа сөздер Антоновтың РФ тергеу комитетіне шағым түсіруіне себеп болды. Оның пікірінше, мұның астарында «Халықаралық әскери трибуналдың Еуропа елдерінің өсіндегі соғыс қылмыскерлерін соттау және оларға жаза тағайындау үшін белгілеп берген фактілерін, аталмыш үкіммен анықталған қылмыстарды мойындауды жоққа шығару» жатыр.
Антонов нацизмді ақтау жөніндегі баптың саяси астары бар мақсаттарға байланысты жиі қолданылатынын айтады, ол РФ президенті сөзінің сол баптың шеңберіне тура келетінін мәлімдейді. Белсенді сондай-ақ Путинді мұны «қызмет жағдайын пайдалана отырып», «бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық-коммуникация жүйесі» арқылы тарату арқылы «қылмысты ауырлататын жағдайларда жасады» деп айыптайды.
Саясаткер арыздың тергеу комитетінде тіркелгенін, енді сол жақтың реакциясын күтіп отырғанын баяндайды.
«Комитет-2024» Ресей оппозиционерлерінің шетелдегі қоғамдық бірлестігі болып табылады.