Ресейшіл Смайыловтың орнына бітімі бөлек Бектенов келгеніне Кремль қапалы
АСТАНА. 10 ақпан. Ресейге бүйрегі бұрып тұратын Әлихан Смайыловтың Үкімет басынан кетіп, атқарушы билікке Олжас Бектеновтің отырғаны РФ билігінің шымбайына батып тұр. Бұл туралы Dalanews.kz шолуына арқа сүйеген rast.kz хабарлайды.
Ақпарат агенттігі жаңа Үкіметтің жасақталуына РФ телеграм-арналары өзінің кері реакциясын көрсетіп үлгергенін жазады.
Бұған себеп те жоқ емес. Бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайылов ресейшіл болды. Ол Үкіметі отставкаға кетерден сәл алдын Алматыда өткен Еуразиялық одаққа мүше елдердің үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысында одаққа мүше елдерді Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытуға қатысуға шақырған болатын.
Алайда мұның алдында еліміздегі 20 әуежай мен Каспий жағалауындағы маңызды порттар Батыс елдерінің инвесторларына берілгені жайындағы ақпарат тарағані. Сол кезде Кремльдің сойылын соғатын арналар ертоқымын бауырына алып тулаған.
Смайыловтың сөйте тұра, Еуразиялық одаққа мүше елдердің инвесторларын Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытуға шақыруы түсініксіз болып қалды.
Дәл қазір Еуразиялық одақта Ресейден басқа елдердің елімізге инвестиция сала қоятындай мүмкіндігі жоқ. Осыдан-ақ Смайыловтың ресми Мәскеудің қолайына жағатын Премьер болғаны аңғарылады.
«Ал жаңа Премьер-министр Олжас Бектеновтің Смайылов секілді намазын Ресейге қарап оқымайтыны Кремльдің кеудесіне қанжардай қадалуда. Сол себепті ресейшіл телеграм арналар Бектеновті күстаналап, ұлардай шулап жатыр», – деп баяндады портал осыған орай.
Путиннің қас-қабағына қарап, ақпарат тарататын арналар «Қазақстанда Үкімет басына келген Бектенов экс-президент Назарбаевтың адамдарын билік басқышынан ығыстырып, Астананы Мәскеуден алыстата түсетін кадр» деген әңгіме шығара бастады.
Осылайша насихатшылар «Ескі Қазақстанның» өкілдерін Бектенов Үкіметіне қарсы қоюға тырысып бағуда. Ресми Мәскеу еліміздің саяси элитасын «ескі, жаңа» деп бөлшектеп, Қазақстандағы саяси ықпалын сақтап қалуға күш салуда.
Атқарушы биліктің тізгін-шылбырын қолға алған Олжас Бектеновті ресейлік арналар күштік құрылымдардың өкілі ретінде көрсетуге тырысып бағуда.
Иә, оның соңғы жылдары Бектеновтің Антикорды басқарып, біраз жемқорды ұстап, Президент Тоқаевтың қолынан генерал-лейтенант шенін алғаны белгілі.
«Бірақ қазақтар жаңа премьер арнайы қызметте жұмыс істеп, Мәсімов секілді лас тірлікке араласпағанын басты назарда ұстауы тиіс. Қайта керісінше, мемлекет қазынасына қол салғандарды құрықтап, сыбайлас жемқорлықтың жолын кескенін назарда ұстау маңызды. Біздіңше, Олжас Бектеновті заң саласының маманы деп қарастыру керек», – деп жазады Dalanews.kz.
Агенттіктің пайымынша, Путиннің басты пропагандистерінің бірі Маргарита Симоньянның бақылауындағы «Брифинг» арнасы Бектеновті «Астана мен Мәскеудің арасын алыстататын тұлға» ретінде көрсетуге барынша күш салыпты. Арнаның ақпаратына сенсек, Бектенов Астана мен Мәскеудің арасын алыстатып, Қытай мен Батыс елдері арасындағы байланысын күшейтіп, Қазақстанды Орта Азиядағы көшбасшы елге айналдырмақшы.
«Әрине, кез келген Қазақстан азаматы бұл бағытты қолдайтыны анық. Керек десеңіз, бұл Бектеновтің емес, президент Тоқаевтың бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан саясаты емес пе? Бірақ Кремль пропагандистері Бектеновтен Смайылов жасай алмайтынын түсінбей отыр», – деп атап өтеді портал.
Рас, Бектенов Қазақстанды жемқорлықтан тазартуда көп еңбек сіңірді. Ол Антикорды басқарған уақытта Назарбаев отбасына жақын Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың ішкен-жегенін құстырып, заң алдында айыбын мойнына қойып берді.
Жалпы, Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда жемқорлықпен күрес, шетке шыққан активтерді елге қайтару ісі үдей түсуі күтілген жағдай емес пе? Мұны халық Тоқаевтан да, Бектеновтің алдындағы Үкіметті басқарған Смайловтан да талап етті.
Айтпақшы, Бектеновтің жемқорлықпен күресте Қазақстанды Еуропа кеңесіндегі коррупцияға қарсы елдердің тобына қосуы Кремльдің бүйіріне шаншудай қадалған. Өйткені ресми Мәскеу Қазақстанның Еуроодақ елдерімен интеграциялық қадамдарға баруын қолдамайтынын білеміз. Бектенов осы әрекетімен Путинге жақпай қалуы әбден мүмкін.
Путиннің шашбауын көтеріп жүрген масса-медиа Бектенов Үкіметі Ресеймен арадағы байланыстың жаңа моделін қалыптастырады деп қауіптенеді.