Астанада балалар мен қарттар қоғамдық көлікте тегін жүреді
АСТАНА. 1 наурыз. Ел байтағындағы балалар мен жасөспірімдер, зейнеткерлер мен ардагерлер қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады. Бұл туралы 365info.kz хабарлады.
Жеңілдік азаматтардың 6 санатын қамтиды. Бұлардың арасында 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, мүгедектер, мүгедектер күтушілері және көп балалы аналар бар.
Қоғамдық көлікте тегін жүру үшін бұл санаттарға жататын адамдардың жеңілдігі бар атаулы картасы болуы шарт. Маршрутты көліктерде картамен валидация жасалып тұруы керек.
Елордадағы «City Transportation Systems» компаниясының басшысы Игенбердиновтің айтуынша, жолаушы тасымалдаушы компаниялардың бұған кететін шығынын қала әкімдігі өтемейді. Бұл бастаманы компаниялардың өздері қолға алып отыр.
Дегенмен, әкімдік автопарктер қызметін субсидиялауды жалғастыра береді. Осылайша 2020 жылдың бірінші ширегіне бөлінген субсидия көлемі – 2,8 млрд теңге. Қазіргі таңда екінші ширекке субсидия бөлу мәселесі талқыланып жатыр.
Шешім 28 наурыздан бастап күшіне енеді.