Татьяна Богомолова: Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққым келеді
ӨСКЕМЕН. 1 наурыз. Шығыс Қазақстан облысында қызмет ететін полиция қызметкері, орыс қызы Татьяна Богомолова өзінің қазақ жігітіне тұрмысқа шыққысы келетінін айтты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлады.
Татьяна Богомолова қандай да бір қиындыққа тап болып құқық қорғау органдарына көмек сұрап келгендермен екі тілде бірдей еркін сөйлеседі.
«Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, келін атанғым келеді» деген Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, қазақтың ұлттық тағамдарын тіл үйіретіндей етіп әзірлейтін ол.
Бірде «ҚазАқпарат» тілшісі Өскемен қалалық полиция басқармасына бас сұғады. Сонда кіреберістегі дәлізден өтіп бара жатқанында қазақ тілінде сөйлеп тұрған орыс қызын байқап қалады. Сосын қасына барып, өзін таныстырып, «қазақша жақсы сөйлейді екенсіз» дейді. Лебізге рахмет айтқан бойжеткен бұған «Қазақстанда өмір сүріп жатқаннан кейін тіл білу керек қой» деп жауап береді.
Тілші араға бірнеше күн салып, Татьяна Богомоловамен қайта кездесіп, сұхбат алған екен.
– Бала күніңізден полиция қызметкері болғыңыз келді ме?
– 1997 жылы 31 қаңтарда Глубокое ауданында дүниеге келдім. Әке-шешемнің ұлты орыс. Ыбырай Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебінде білім алдым. 9 сыныпты бітіргеннен кейін облыс орталығындағы Қазақстан-Америка еркін университетінің колледжінің заңгер мамандығы бойынша оқуға түстім. Расында бала кезімдегі арманым полиция қызметкері болу еді. Себебі, адамдарға көмектескім келетін. Полицейдің киімін кигенді де ұнатамын (күлді). Қазір әскери шенім – сержант. Бүгінде қалалық полиция басқармасының ғимаратында ашылған фронт-кеңседе қызмет етемін. Құқық қорғау органдарына арыз-шағыммен келген тұрғындарды қарсы алып, қажетті кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Осындай фронт-кеңселер еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған. Мұндағы басты мақсат – полиция қызметінің ашықтығы мен айқындығын көрсету, қала тұрғындарын қабылдау үшін ыңғайлы жағдай жасау. Адамдар сан алуан мәселемен келеді. Әрқайсысын тыңдап, қалай әрекет ету керектігін жіті түсіндіремін. Қазақ азаматтары келсе, қазақша сөйлесемін. Менің тіл білетіндігімді көргендер бірден құрметпен қарап, жылы сөйлесіп, кетер кезде тілектерін, баталарын беріп жатады.
– Қазақ тіліне деген қызығушылығыңыз қалай оянды?
– Орысша оқысам да, кішкентай кезімнен қазақ мектебінің оқушыларымен бірге ойнап өстім. Сол құрбыларымнан тіл үйрендім. Мектеп қабырғасында жүргенде, «Абай жолы» сайысына қатысып, ұлы ақынның 16 қара сөзін жатқа айттым. Қазақ тілі пәнін әр жылы 5-ке бітірдім. Колледжде де сан алуан сайыстарға барып, тапсырмалар орындап, өлең оқыдым. Алған мадақтама қағаздарым, алғыс хаттарым бар. Бірде Наурыз мейрамында қазақтың ұлттық көйлегін киіп, «Қамажай» биін биледім.
– Қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлей аласыз ба?
– Әрине. Қуырдақ, бауырсақ, қазы пісіремін. Әзірлеген тағамдарымнан дәм татқандар жоғары бағасын беріп жатады.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Қауырт жұмыстан қолым қалт еткенде таза ауада серуендегенді, кітап оқығанды, музыка тыңдағанды ұнатамын. Эстрада жұлдыздарынан Қайрат Нұртасты, Ернар Айдарды, Төреғали Төреәліні, Мәдина Сәдуақасованы, Қуандық Рақымды тыңдаймын. Ең сүйікті әнім – Понти Жорабековтің «Сүйем сені» әні.
– Қазақ халқының салт-дәстүрлерінен хабардарсыз ба?
– Әлбетте. Қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығамын. Болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шыққым келетінін де жасырмаймын. Қазақ шаңырағына келін болып түскім келеді. Той алдында дәстүрге сай сырға салу болғанын қалаймын. Жан жарыммен үлкен отбасы болып, тату-тәтті ғұмыр кешсек, одан асқан бақыт бар ма? Үйге қонақтар жиі келіп тұрса, бәрін құшақ жая қарсы алар едім. Болашақта балаларымның да екі тілді жетік меңгергенін қадағалаймын.
– 1 наурыз – Алғыс айту күнінде кімге алғыс айтқыңыз келеді?
– Алғыс айту күні – мән-мағынасы зор мереке. Бұл күнде адамдар жақындарына рахметін айтып, ризашылықтарын білдіреді. Осы сәтті пайдаланып, маған жарық дүниенің есігін ашқан ата-анама, әрдайым қасымнан табылып, қолдау білдіретін әріптестерім мен достарыма алғыс айтамын.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбатты жүргізген Талғатжан Мұхаметбекұлы
«ҚазАқпарат»