Өскеменде орыс қызы Анжелика жұртқа мемлекеттік тілді үйретіп жүр
ӨСКЕМЕН. 29 қаңтар. Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында талап білдірушілерге орыс қызы Анжелика қазақ тілін үйретіп жүр. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Өскеменде бұдан бір жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Сөйле» тілдесу орталығы ашылған екен. «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйытқы болған жоба қазақ тілін үйренуді қалайтын жандарға қамқор қолын созады. Орталықтағы тіл үйретуші маманның бірі Шабданбекова Анжелика Игоревна болып шықты.
Анжеликаның жасы қазір 23-те. Өзі Ресейде туып, Қазақстанда өскен екен. Сондықтан қазақ тілін бала жасынан біледі. Соның арқасында бүгінде мемлекеттік тілді үйрететін білікті оқытушы болып отыр.
«Қазақстанға бала кезімде көшіп келдік. «Аршалы» ауылында өстім, – деді Анжелика Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатырда. – Қазақ тілін ес білгелі білемін, өйткені, қазақ ауылында өскенмін. Тілді қалай үйреніп кеткенім есімде жоқ. Себебі, ол туабітті дарыды. Көршілерім, таныстарым, достарым – бәрі қазақ. Орыстардан ауылда біз ғана болдық. Ешқашан өзімді өзге ұлт өкілі санамайтынмын және тіл білгенім үшін ешқашан мақтанбайтынмын. Мысалы, басқа қалаға қонаққа шақырса, менің қазақ тілін білетінімді көріп, көбі таң қалатын. Ал мен олардың реакциясына таң қалатынмын. Анамнан: «Олар неге сонша аң-таң?» деп сұрайтынмын. Себебі, бұл мен үшін қалыпты құбылыс еді».
Анжелика өзге ұлт өкілдерінің арасында өтетін сайыстарға көп қатысқан. Алайда мақтану, орын алу үшін емес, қазақ тілін көп адам білсе екен деген ниетпен қатысқанын айтады. Қазақ тілінде сөйлегенін қалыпты көрген Анжелика қазақ отбасына келін болып түскен. Ол бұл әрекетін де ешқандай ерекшелік деп санамайды.
«Келін атанғаныма 4 жыл толады. Күйеуім екеуміздің танысқанымызға 7 жыл. Қазақ отбасының келінімін. Күйеуім – шанышқылы, таза қазақ. Тұрмыс құрған кезде күйеуімнің тегін алдым. Анам – украин қызы, әкемнің ұлты – орыс. Әкем 9 жасымда қайтыс болған. Сондықтан әкем туралы көп есімде жоқ. Қазақ дәстүрлерін бала кезімнен білемін. Бұл ретте анамның ықпалы зор. Мені ешқашан ұлтыма қарай бөлген емес. Сол себепті қазақ дәстүрлерін бала кезімнен білемін. «Сенің достарың қазақ, ал бірақ ұлтың қазақ емес» деп айтқан емес. Келін болып түскенде сол себепті де ешқандай жаңалық ашатындай дәстүр болған жоқ. Бәрін білетінмін. Бала кезімде белгілі бір дәстүр жайлы естісем, ол туралы деректі кітаптан оқып алатынмын. Себебі, ол кезде телефон болған жоқ. Қоғамда орны бар қайраткерлер туралы да кітаптан көп оқыдым. Менің ойымша, адам өзі ізденіп, кітап оқып, ынталанса тілді оңай үйреніп алады. Телефоннан емес, кәдімгі кітаптан оқыған дұрыс», – деді жаны қазақ болып кеткен Анжелика бұдан әрі.
Ол сабақ беретін «Сөйле» тілдесу орталығы Өскеменде «Менің елім – менің тілім» атты республикалық жоба аясында ашылған.
«Тілдесу үйірмесі өткен жылы қаңтарда ашылды. Бір жылда мұнда 100-ден аса адам келіп, тіл үйрену сабақтарына қатысты. Қатысушылар саны күн санап артуда. Бұл үрдіс бізді қатты қуантады. «Тіл үйренуді неге ерте бастамадым» дейтін жандар көп. Мен оларға «үйде де қазақша сөйлеуге тырысыңыз, телефоннан ән қосып қойыңыз, аударма қасыңызда болсын» деп кеңестерімді айтамын», – дейді енді Анжелика білікті маман ретінде.
Қазақ тілін оқуға құлшынысы бар облыстың кез келген азаматы «Сөйле» тілдесу үйірмесіне қатыса алады. Үйірме аптаның демалыс күндері және тегін түрде жұмыс істейді.
«Менің ойымша, өзіңіз бұл мәселені батылдықпен қолға алып, қазақ тілін үйреніп аламын деп шешсеңіздер, еш кедергі жоқ. Ал егер ниеттеніп емес, амалсыз, тек Қазақстанда тұрып жатқаныңыз үшін үйренуге шешім қабылдасаңыз, түк шықпайды. Қазақ тілін шын ниеттенген адам бір жылда-ақ тез үйреніп кете алады», – деді Анжелика ханым.
Анжеликаның қызы Малика алдағы жазда 3 жасқа толады. Ол қызына анасынан көрген тәрбиені беріп жатқанын айтты.
«Анам мені қалай өсірді, сол тәрбиені беремін. Үйде қазақша сөйлейміз. Қызым балабақшаға қазақ тобына барды. Біз көбінесе телефонда отырамыз. Балалар тұрмақ, үлкендер, өзіміз де сондаймыз. Ата-ана бұл ретте балаларын қадағалауы тиіс. Баласы дұрыс дамуы үшін телефонға әуестігін жою, қадағалау, кітап оқуға бейімдеу маңызды. Ютубтағы мультфильмнің өзі баланың ойлау жүйесіне кері әсер етеді. Мысалы, «Маша и медведь» мультфильмінің өзі балаға қырсықтықты, ананың тілін алмауды үйретеді. Сондықтан не көріп отырғанын қадағалаңыз. Қазіргі қазақша мультфильмдер, әндер, балаларға арналған әндер бар, соларды қосса, бала оны тез жаттап алады», – деп Анжелика Шабданбекова өзінің аналық тәжірибесін де ортаға салды.
Бір айта кетерлігі, «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйытқы болған жоба Қазақстанның көптеген аймағында жалғасын тауып жатыр. Оның аясында Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында «Сөйле» тілдесу үйірмелері ашылған. Келушілер саны күн өткен сайын артып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сөйле» тілдесу клубтарына кез келген азамат қатыса алады. Толық ақпарат @jastar_ruhy Instagram парақшасында тұр.