Жани Эдди: Қазақстан мен қазақ халқы менің өмірімді күрт өзгертіп жіберді
ПАЛЬМА-ДЕ-МАЛЬОРКА. 29 қаңтар. Қазір Испанияда тұрып жатқан, Бельгияда өскен қазақ баласы Жәнібек Қазақстанға келіп қайтқасын өміріне үлкен өзгеріс енгенін мәлімдеді. Бұл туралы Aikyn.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бельгияда асырап алған ата-анасы «Жани Эдди Савельев» деген аты-жөн берген қазақ баласы Жәнібек Арқалық қаласындағы перзентханада өмірге келген. Оның жақында туған анасын іздеп, Қазақстанға келіп қайтқаны белгілі. Бірақ мұнда жүргенінде ДНҚ тапсырған әйелдердің бәрі оның анасы болмай шықты.
Содан кейін визасы мерзімі аяқталуына байланысты кетуге мәжбүр болған Жәнібек Таиландта біршама уақыт дем алып, Испанияның өзі жасайтын Мальорка аралына қайтып оралды.
Өзін «Мұрат» деп атағанды жақсы көретін Жәнібек Қазақстанға келгеннен қазақ тілін білуге ниет танытқан сол қызығушылығын испан жерінде де жалғастырып жатқан көрінеді. Француз, испан, ағылшын тілдерін жетік білетін ол туған халқының тілін меңгеруге де бейім екенін байқатып отыр.
Жәнібек осыған байланысты арнайы видеоны шамасы келгенінше қазақ тілінде жазыпты. Ол мұны Инстаграм әлеуметтік желісінде жариялаған. Айтуына қарағанда, Қазақстанға сапары өмірін күрт өзгертіп, жаңа арнаға салып жіберген.
«Арманым терең мұхитқа сүңгу болатын. Соңғы бірнеше күнде диплом алдым. Қазақша сөйлеу арқылы сіздерді өзіммен бірге арманыма апарғым келеді. Қазақстан және қазақ халқы менің өмірімді өзгертті», – дейді Жәнібек.
Оның қысқа мерзім ішінде туған халқының тілін тәп-тәуір үйреніп қалғаны риза қылады. Аздаған акценті болғанымен, ойын анық да дәл жеткізіп тұр.
Жәнібек аралда туристерге су астында қызмет көрсетеді.