Тұрлыханов: Қоғамдық орындарда кальян шегілуіне жол бермеу керек
АСТАНА. 26 қаңтар. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Тұрлыханов қоғамдық орындарда кальян шегілуіне тыйым салынуы қажеттілігін алға тартты. Бұл туралы Kazinform ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәжілісмен қазіргі кездері кальян арқылы көңіл көтертетін орындардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқанын сөз етті.
«Қазір пайдасынан зияны көп электронды темекі, синтетикалық есірткі, энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп барады. Солардың бірі – кальян. Бұл затты арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарда қойып, жастар көлікке салып алып жүретін жағдайға жетті. Кальянды қоғамдық орындарда қоюға заң жүзінде тыйым бар. Алайда, бұл норма орындалмай отыр. Өйткені, 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген – заңды бұзуға негіз емес. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек, түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, алкоголь де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан кім бар?», – деді Дәулет Тұрлыханов вице-премьер Тамара Дүйсенованың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Депутаттың пайымынша, Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда кальянның қолданылуына қатысты бақылауды барынша күшейтуі керек.
«Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі кальянның құрамына, түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар, Үкімет елімізде кальянға мүлдем тыйым салуды және талаптарды бұзғандарды жазалауды ескеретін заң жобасын әзірлеуі қажет», – деді Дәулет Болатұлы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс вейпке тыйым салатын заңның жобасын қабылдаған болатын.