Басты баған

КҮМӘНІ КӨП КЕЗЕҢДЕР

Заманбек, Алтынбек және Жармахан кімнің мүддесі үшін оппозиционер атанды?

«Өзіне өзі 3 оқ атып өлген» Заманбек Нұрқаділовтің қазасы «Жаңа Қазақстан» тұсында қайтадан құйтырқы саяси ойынның құралына айналды. Заманбектің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған асқа жиналған 500 адамның алдында президент Тоқаевтың хатын оқып берген оның баспасөз хатшысы Берік Уәли 18 жыл өткен соң марқұмға ескерткіш орнатып, есімін бір мектепке беру жөнінде мәлімдеді. Мұны 2000-шы жылдары саяси белсенді әрекет еткен Болат Әбілев секілді «ескі оппозицияның» өкілдері де қолдап жатыр. Әрине, әр тараптың көздеген саяси мақсат-мүддесі бар, бірақ ешқайсысы Заманбек өлімінің ақиқатын айтуға құлықты емес.

Заманбектің асынан кейін Болат Әбілев журналист В.Борейкоға берген сұхбатында 2005 жылғы президент сайлауына «біріккен оппозиция» атынан Жармахан Тұяқбайды емес, Нұрқаділовті қатыстырғанда, онда Заманбектің саяси иммунитеті күшейіп, қорғауға алынып тірі қалар еді» деп өкінішті кейіпте пікір айтты. Бұл сөздің де жаны бар шығар, себебі диктатор Назарбаевтың басты «бәсекелесін» сайлау біткенше биліктің жандайшаптары «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» сырттай «мәпелеп-қорғаштап» жүретін бе еді… Алтынбек Сәрсенбаев бастаған «Ақ жол» патиясының белді мүшелері де Заманбекті көздің қырынан таса қылмай, оның әрбір қимылын бағып, қадағалап жүрер ме еді…

Болат Әбілев сұхбатында 2005 жылғы президент сайлауына оппозиция атынан Заманбектің кандидатурасын емес, Жармаханды ұсынғанын саяси «қателік болды» депті. Бұл жерде «қателік болды» дегені өтірік, бәрі Назарбаевтың жоспары бойынша жүзеге асты. Алтынбектің тобы, оның ішінде Әбілев те бар, олар оппозицияның шынайы демократияшыл қанатының «басқа емес Заманбекті сайлауға салайық, сол саяси доданы жарып шығады» дегеніне қарамай, Нұрқаділовті қақпайлап, шетке ысырып тастады. Әрине, мұның бәрі Назарбаевтың мүддесі үшін әдейі жасалған құйтырқы іс. Осы тезисті түсіну үшін Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділов және Жармахан Тұяқбайдың оппозиция алаңына өтуінің басты мақсаты мен мотивіне шолу жасайық.

Талай жыл биліктің идеологиялық секторына басшылық жасаған Алтынбек Сәрсенбаев жасақтаған топтың 2001 жылы оппозиция алаңына сыналап кіруінің басты мақсаты бұған дейін тоңқылдап оппозиция жағына өтіп кеткен Жақиянов – Әбілязов тобын (бұл екеуінің  саяси маршына депутаттар С.Әбділдин, Т.Тоқтасынов, З.Батталова, т.б.с.с. қосылған) ішінен іріту-тұғын. Ақорданың осы мақсатын жүзеге асырған соң «Трояның ағаш атының» ішінде қара көбейтіп босқа далақтап жүрген Қ.Келімбетов, Ж.Ертілесова, С.Қонақбаев, Б.Имашев қайтадан билік станына оралды. А.Сәрсенбаев, Ә.Бәйменов, Б.Әбілев, О.Жандосов, Т.Жүкеев өздері құрған «Ақ жол» атты «оппозицияшыл» партияда қалып қойған. А.Сәрсенбаев та 2004 жылы 2-3 айдай Ақпарат министрі болып, биліктен оппозиция алаңына қайта оралды: ол осы жолы биліктен жай кетпеді, күздегі парламент сайлауындағы «заңсыздыққа» қарсы шығып, жұртты таңғалдыратын мәлімдеме жасаған. Алтынбектен кейін сайлауда ең көп мандат алған «Отанның» партиялық тізімінің ұшар басында тұрған Мәжілістің спикері Жармахан Тұяқбай да сайлаудағы «заңсыздыққа төзбейтінін» мәлімдеп, биліктің есігін тарс еткізіп жауып, мемлекеттегі екінші деңгейлі тақты талақ етіп тастап кетті. Неге? Мұндағы гәпті түсіну үшін алдымен Заманбек Нұрқаділовтің «оппозицияшылдығының» себебіне үңілейік.

Нұрқаділов Назарбаевтың жақын досы болатын және оған сөзін өткізе алатын, талабын орындата алатын жалғыз шенеунік-тұғын. Нұрсұлтан да досының «еркелігін» көтерудей-ақ көтерді. Заманбек Қалабайұлының саяси амбициясына көз жүгіртсек, ол өзі туып-өскен аймаққа басшы болып жүргенді қалайтын. Оның Алматыда ғана тұрғысы келетін арманы бала кезінен қалыптасты ма, әлде әнші Мақпал Жүнісоваға үйленген соң солай болды ма, – ол жағын анықтау қиын.

Алматы қаласы билігінің тізгініне Нұрқаділовтің қолы 1985 жылы жетті. Ол кезеңде Нұрқаділовтің қызметі қалалық атқару комитетінің басшысы, қалалық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, қалалық компартия комитетінің бірінші хатшысы, т.б.с.с. деп аталытын. 1992 жылы оның қызметі «Алматы қаласының әкімі» деп аталып, 1994 жылдың ортасына дейін осы лауазымда болды. «Бір жерде тапжылмай көп отырып қалды» деді ме екен, әлде биліктегі интриганың құрбаны болды ма, оны Назарбаев қызметінен алып тастады. Заманбек бұл жолы қыңған жоқ. 1995 жылғы сайлауда парламент депутаты болып  сайланып алды да, президент Назарбаевты және оның үкіметін сынаушыларға үн қосты. Тіпті, Әуезов басшылық жасайтын «Азамат», Савостина құрған «Поколение» атты зейнеткерлер қозғалысымен бірлесіп, Алматының төрінде оппозициялық ауқымды митинг өткізді. Әрине, сол жиында да Нұрқаділов Назарбаевты «оңдырмай» тағы сынады. Бұл  Заманбектің бірінші оппозицияшыл кезеңінің соңы болатын. Осы тұста барлық меморгандар сияқты парламентті де үкімет Астанаға үдере көшіртіп жатқан. Депутат Нұрқаділов жұрт қатарлы Астанаға көшіп барғысы келмей қиқаңдапты. Екі жылдай саяси шантаж жасап жүрген еркетотай досының ыңғайына амалсыз жығылған Назарбаев «бәлесінен аулақ» деп, оны Алматы облысының әкімі етіп тағайындай салды. Ол кезде Алматы облысына Талдықорған облысының да жерін қосып үлкейткен, ал облыстың орталығы Алматы қаласында еді, сәйкесінше облыс әкімі де мегаполистің төрінде отыратын. Нұрқаділов Алматы облысы әкімі қызметін 3 жылдан астам (1997-2001) атқарды.

Алматыда өмір сүру Заманбектің екінші әйелі әнші Мақпал Жүнісоваға да қатты ұнайтын. Осы тұста орыстың «Человек предполагает, а Бог располагает» деген мақалын қыстырып жіберген жөн-ау. 2001 жылы Ақорда «Алматы облысының орталығы – Талдықорған» деп жариялады. Сәйкесінше, әкімдік те Талдықорғанға көшуі тиіс еді. Биліктің бұл шешіміне шенеунік Нұрқаділов тағы да мойынсынбады. Оның Алматыға жабысып қалғандай қатаң ұстанымына Мақпал Жүнісованың қаншалықты әсер еткенін білмейміз, ақиқатында Нұрқаділов облыс әкімі қызметінен өз еркімен бас тартты – Талдықорғанға бармай қойды.  Осыдан кейін Назарбаев «біртүрлі» мінез шығарып алған партократ досының қалауын уақытша ғана қанағаттандырды. Нұрқаділовті ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы етіп тағайындады. Дегенмен, республикалық деңгейдегі бұл ведомство да екі жыл ішінде Алматыдан Астанаға көшуі тиіс еді. Ведомствоның көшу мерзімі таянғада Заманбек Нұрқаділов журналистерді жинап, Назарбаев саясатын сынап, оған қарсы «атылып-секірген» шулы мәлімдемесін жасады. Бұл жолы Назарбаев саудаласып (саяси) жатпады, Нұрқаділовты қызметінен алып тастады. Осы күннен бастап Нұрқаділовтің оппозицияшыл екінші саяси демаршы басталды. Әрине, Нұрқаділов шулы мәлімдемесін жасамас бұрын президент досынан Алматы қаласының әкімі қызметін сұраған сияқты. Осындай жағдайдың болғаны сол кездегі Нұрқаділовтің сөз-ләмінен де байқалды. Мәмілеге келе алмай Заманбектің шарт кетуін бағамдасақ, дәл осы жолы Назарбаев Нұрқаділовтің достық «еркелігін» көтере алмады, оның талап-тілегіне илікпей қойды. Себебі, Назарбаев 2000-шы жылдардың ортасына таман елдегі бүткіл билік тармағын уысына қысып ұстап, «төрт құбыласын түгендеп», тағын мызғымастай бекітіп алып, тосыннан келетін әлдебір саяси шантажға дес бермейтін диктатор деңгейіне көтеріліп кеткен-ді. Дегенмен, Назарбаев та Нұрқаділовтің саяси демаршынан қауіптенді…

Назарбаев пен Нұрқаділевтің екеуара саяси ва-банкке кетуі оппозиция алаңының бір қапталына орнығып алған Сәрсенбаев тобына (алғашқы ақжолдықтарға) төтеннен саяси шаруа тауып берді. Сол кездегі Ақорданың жоспары бойынша, харизмасы күшті әрі 90-шы жылдардан бері келе жатқан «ежелгі оппозициядан» қолдау тапқан З.Нұрқаділовті қалайда 2005 жылы болатын президент сайлауына қатыстырмау керек болды. Назарбаев режиміне қызмет еткен идеологтар мен саяси технологтарды қазіргі жаңақазақстандықтармен салыстырсақ, алғашқылары алыстан құрық тастайтын, күрделі жоспар жасай білетін әрі креативті ойлайтын.

Министр бола тұра,  Алтынбек Сәрсенбаевтың 2004 жылғы 19 қыркүйекте өткен парламент сайлауындағы заңсыздық жөніндегі мәлімдемесі оппозиция алаңында ойқастап жүрген Заманбектің саяси маршының жолын кесуге бағытталған алғашқы жария қадам еді. Ол сайлаудағы құйтырқы көзбояушылықтың (подтасовка) жауапкершілігін үкіметтің мойнына артты да, үкіметті (президентті емес) кінәлап, лауазымына доғарыс жасайтынын мәлімдеп, оппозиция алаңына қайта оралды. Заманбекті жуасытудың сценарийі бойынша, Алтынбектен кейін Мәжіліс спикері қызметін атқарып жатқан Жармахан Тұяқбай да тура сондай мәлімдеме жасап, биліктің «есігін» тарс еткізіп қатты жауып кетуі тиіс еді.

«Ірі» саясаткер мен «пәкене» саясаткерді қатар қойса, жұрт бірден «іріні» таңдайды ғой, сондықтан жұртқа сенімді болу үшін білдей Мәжілістің төрағасын, «Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарын оппозицияға алып келіп, оны Заманбектің қатарына қою керек болды. Дегенмен, «көйлегі көк, қарны тоқ болып» билікте жүргенді кім жек көрсін?! Ұзақ уақыт жоғары лауазымды қызметте жүрген адам үшін билік деген есірткі сияқты нәрсе ғой. Оның үстіне, оппозициядағы адам қайтадан билікке келе ала ма?!. Бұл сұраққа да нақты жауап жоқ екенін білді Тұяқбай. Қысқасы, Тұяқбайдың биліктен оппозицияға кетуге құлқы болмады. Осы аралықта оған қатты қысым жасалған сияқты. Оның «Отан» партиясының актив мүшелеріне арналған мәлімдемесі 14 қазанда Назарбаевтың жеке газеті саналатын «Времяда» жарық көрді. «Время выбора» деген сол мақалада Тұяқбай парламент сайлауының оңды жағын атап өтті, ал кемшілігін сипай қамшылап кетті. Оның оппозицияшыл жартыкеш мәлімдемесіне «Заманбекті жуасытуды» ойластырып жоспар құрып жатқандар риза болмады.

Министр орынтағын тәрік қылып, оппозицияға оралған Алтынбек 2004 жылдың 17 қазанында, яғни жексенбінің кешінде Алматыдағы  оңаша бір кафеде достарымен демалып отырған. Олардың арасында Алтынбекпен университетте бірге оқыған достары –  республикалық басылымдардың басшылары да бар. Кенет Алтынбек өзінің билік олимпісіндегі аса маңызды орнын, үлкен саясаттағы құдіретін көрсеткісі келді ме екен,… ол достарының көзінше Астанада отырған Жармахан Тұяқбайға телефон соқты. Дереккөздің айтуынша, Алтынбек өктем-өктем сөйлепті: «Бәрі «үлкен кісімен» келісіліп, шешіліп қойған мәселе, көп сөзді қойыңыз, мәлімдеме де, баспасөз клубы да дайын тұр, ертең ұшып келіңіз» деп шорт кесіпті. Шындығында да солай болды. Жармаған Тұяқбай ертесіне Алматыға ұшып келіп, 18 қазанда түс ауа Ұлттық баспасөз клубында өзінің атышулы мәлімдемесін жасады: сайлаудың әділ өтпегенін, сайлау заңының нашар екенін тіліне тиек етіп, Мәжіліс төрағалығынан, «Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарлығынан бас тартты. Көп уақыт өтпей-ақ, қараша айында Жармахан Тұяқбай Қазақстан демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы болды. Келесі жылдың басында «Әділетті Қазақстан үшін» ұйымы құрылды, оған да Тұяқбай төраға болып сайланды. Осылайша 2005 жылғы президент сайлауында Назарбаевқа саяси бәсекелес ретінде Жармахан Тұяқбайдың «біріккен оппозиция» атынан қатысуының негізі қаланды.

Мұның бәрі, сол кездері Алтынбекпен тізе қосып әрекет еткен Болат Әбілевтің қазір айтып жүргеніндей, «саяси қателік» болған жоқ, «Заманбекті жуасытудың» – Нұрқаділовтің президент сайлауында Назарбаевпен саяси текетіресіне жол бермеудің стратегиялық жоспары-тұғын. Дегенмен, оппозицияның шынайы демократиялық қанатының қолдауына арқа сүйеп алған Нұрқаділов «оңай шағылатын жаңғақ» емес екен. Оны президент сайлауына қалайда қатыстырмай көткеншектетіп (задний ход) жіберудің тағы бір жоспары үлкен саясаттың күн тәртібіне шықты. Мұны да Алтынбектің оппозициядағы тобы жүзеге асырды.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ

Eacebook

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button