Абхазияда билікке наразы жұрт жаппай тәртіпсіздіктерге ұрынып жатыр
СУХУМ. 13 қараша. Қарашаның 12-не қараған түні Абхазия байтағында биліктің әрекетіне наразы топ көшеге шығып, жаппай тәртіпсіздіктерге жол берді. Бұл туралы ngs55.ru дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алдымен Абхазия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі билікке наразылық білдірген бірнеше адамды ұстады. Содан кейін әлденеше ондаған адам қауіпсіздік қызметі ғимараты алдына жиналды. Олар трасса бойы мен көпірдің үстін жауып тастап, ғимарат қақпасын бұзып кіруге әрекет жасады.
Осыған орай Абхазия президенті Аслан Бжания қауіпсіздік кеңесін шұғыл шақырды.
Жанжал Ресей бизнесімен араны реттеуге арналған «Абхазия Республикасы территориясындағы көп бейінді кешендердің құқықтық мәртебесін ретке келтіру туралы» деп аталатын жаңа заң қабылдануынан туып отыр. Республика парламенті оны ақырғы оқуда қабылдады. Құжат Ресей компанияларының Абхазияда инвестициялық әрекетті өрістете түсулеріне мүмкіндік беруді көздейді. Ол 15 қазанда Мәскеуде жазылған, енді 15 қарашада абхаз депутаттарының ратификация жасауын күтіп тұр.
Көп фунционалды кешендерге әртүрлі мақсаттағы тұрғын үй емес баспаналар, мәселен, офистер, сауда, спорт, көрме, білім беру және басқа да үйлерді қамтитын ғимараттар кешені кіреді. Оған тек апартаменттер мен апарт-отельдер ғана жатпайды. Бұл баспаналар мен кешендердің өздерін тұрғын үй ғимараттарына айналдыруға заң жүзінде тыйым салынған. Бұдан бөлек, тұрғын үй ғимараттарын көп бейінді кешендерге айналдыруға да болмайды.
Міне, осы тыйымдардың быт-шытын шығарғалы тұрған жаңа заң жобасы оппозиция тарапынан наразылық туғызды. Олардың пікірінше, бұл ресейліктерге көп бейінді кешендер деген мәртебені жамылып, Абхазия жерінде апартаменттер соғуға кірісуге жол ашып беретін болады. Сондықтан жаңа заңға қарсылар өздерін қолдаушыларды парламент үйі алдына жиналуға шақырды.
Жергілікті мәтбұғаттың мәліметінше, Сухумға кірер жерде оппозицияның бес өкілі қамауға алынған. Олар Абхазия парламентінің Ресеймен инвестициялық келісімді ратификациялауы мәселесі талқыланған Гудаутадағы жиыннан келе жатқандар екен.
Бұдан кейін халық көтеріліп, жаппай тәртіпсіздіктер орын ала бастады.
Абхазия бұрын Грузия мемлекетіне қарап келген. 2008 жылы республика Ресейдің көмегіне сүйеніп, өзінің тәуелсіздігін жариялады. Бірақ ол содан бері шын мәнінде Кремль билігіне бағыныстағы аймақ ретінде тіршілік етіп келеді.