Чукоткалық екі жігіт әскерге бармау үшін Беринг бұғазы арқылы қашып кетті
УАШИНГТОН. 21 қаңтар. Чукотканың екі тұрғыны РФ армиясының мобилизациясынан қашып, Беринг бұғазынан қайықпен жүзіп өтіп, Америка жағалауына жетті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Екі жігіт «қандай жағдай болғанда да соғысқа бармаған болар едік, себебі, Украинаның өзі Ресейге соғыс ашып келген жоқ» дегенді айтады.
Чукотканың екі тұрғыны – Максим Теюнаут пен Сергей Нечаев 2022 жылдың қыркүйек айында РФ жариялаған мобилизациядан қашып, Беринг бұғазын кесіп өтіп, АҚШ жағалауына барып жетіп, өздеріне саяси баспана сұраған. Тектеріне қарағанда, бұлардың бірі – чукча, екіншісі орыс сияқты.
Екі жігіт өздерінің су үстіндегі сапарлары жайлы «Азаттық радиосының» тілшісіне айтып берді.
Жігіттер қандай жағдай болғанда да, қолдарына қару алып, Украинаға соғысқа бармаған болар едік дегенді алға тартады. Өйткені, Украина Ресейге шабуыл жасаған жоқ, керісінше РФ Украинаға соғыс лаңын алып кірді.
Осыдан кейін әскери комиссариат қызметкерлері үйме-үй жағалап, әскер жасындағы жігіттерді алып кете бастаған. Сол кезде Максим мен Сергей РФ-дан қашу жайлы шешімге келеді.
«Біз қандай жағдай болғанда да соғысқа бармас едік. Не үшін барамыз? Біреуді өлтіру үшін бе, әлде өзіміз пакетпен қайту үшін бе? Бұл – ешқайда апармайтын тұйық. Белгісіздікке ұрындыратын қадам», – дейді жігіттердің бірі.
Ресейлік жігіттерді алғаш АҚШ-тың Әулие Лаврентий аралының тұрғындары қарсы алады. «Біздің ойымызға бірінші келгені – бұларды тамақтандыру, жылындыру және тынықтырып алу болды. Мен пицца әкеліп бердім, ал қалған жұрт киіну мен пайдалануға жарайтын талай затты жеткізді», – дейді жергілікті тұрғындардың бірі.
Бұдан кейін ресейліктер үш ай оңалту орталығында болады. Кейінірек чукча Максимді 90-шы жылдары АҚШ-қа мұғаджыр болып келген украин баптистерінің пасторы Роман Митин үйіне алып кетеді.
Біздің анықтама. Чукотка – Ресейдің ұлт аймақтарының бірі. Орталығы – Анадырь қаласы. Автономиялық облыста орыс және чукча тілдері мемлекеттік тіл болып саналады. Одақ тарағанға дейін мұндағы халықтың 66 пайызы орыстар болған. Кейін орыстар ішкері Ресейге қарай көптеп көшкен. Қазір автономияда 47 мың адам тұрады. Олардың 53 пайызын (27 мың) орыстар, 28 пайызын (13 мың) чукчалар құрайды. Қалған ұлттардың үлес салмақтары бұдан әлдеқайда аз.