Түркияның түнгі клубында сайран салған қызылордалық екі мұғалім жұмыстан қуылды
АСТАНА. 15 қаңтар. Анадолы жерінде жүріп, түнгі клубқа барып сайран салып, сол сәттер түсірілген видеоны әлеуметтік желіде жариялаған қызылордалық екі мұғалім жұмыстан шығып қалды. Бұл туралы baq.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов Қызылорда облысындағы мұғалімдерге қатысты жағдайға қатысты түсініктеме берді», – делінген портал хабарламасында.
El.kz ресурсының жазуына қарағанда, екі ұстаз шетелде жүріп, трансвеститтер клубында біраз көңіл көтерген. Мұғалімдердің бұл парықсыз әрекетін әлеуметтік желіден көрген ата-аналар олардың дереу мектептен кетулерін талап етеді.
Әңгіме Қызылорда облысының Қармақшы ауданына қарасты Т. Көмекбаев атындағы ауылдағы №250 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері жайлы болып отыр. Оқушыларға әлемнің нөмірі бірінші тілін үйрететін оқытушылардың бұл бейбастақ қылықтары білім ордасының басшылығына да ұнай қоймапты. Сондықтан мектеп-лицей директоры Гүлжаһан Нарбаева олар елге оралған бойда жиналыс өткізіпті. Жиын барысында екі мұғалімге де өз еріктерімен қызметтен кету ұсынылыпты.
Министрлік комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов «Педагог мәртебесі туралы» заң педагог мәртебесін бекітіп, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгіледі.
Министрліктің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен бекітілген Педагогикалық әдеп ережелерін әрбір мұғалім ұстануы тиіс. Қағидаларға сәйкес мұғалімдер қызметтік және қызметтік емес уақытта 7 қағидат пен 19 мінез-құлық нормасын сақтауға міндетті» дегенді айтты комитет басшысы. Ол күнделікті қарым-қатынаста әдеп нормаларын сақтау мұғалімдер үшін үйреншікті әдетке айналуға тиіс екенін айрықша атап өтті.