Қаңтар оқиғасына байланысты Самат Әбіштің үстінен қозғалған іс сотқа жіберілді
АСТАНА. 15 қаңтар. Бас прокуратураның мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу аяқталып, ісі сотқа жөнелтілген. Бұл туралы Azattyq Ruhy ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Самат Әбіш – Қазақстанның экс-президенті әулетінің белді бір өкілі. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзіне тете інісі Сатыбалды Әбішұлы Назарбаевтың ұлы, яғни қазақы ұғым бойынша ол үлкен Назарбаевтың да баласы болып саналады. Қазір есепсіз қаржылық қылмыстары үшін түрмеде жатқан Қайрат Сатыбалдының туған інісі. Өзіне текке әкелерінің әкесі есімін алған.
«Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеу қызметі Самат Әбішке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтап, сотқа жолдады», – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осы қылмыстық іс аясында Самат Әбіш ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билігі мен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.
Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы жазбаша түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іске қатысты өзге мәліметтер құпия ретінде әзір жария етілмейді.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев журналистерге Самат Әбішке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеген болатын.
Еске сала кетейік, Самат Әбіш 2022 жылдың 17 қаңтарында ҰҚК басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Ал ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарына қатысты тергеу басталғанда, одан куәгер ретінде жауап алынған еді.
Дегенмен, 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Бас прокуратураның Самат Әбішке қатысты да қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.