Жазушы экс-президенттің Алтынбек пен Заманбек өліміне қатысы барын айтты
АЛМАТЫ. 11 қаңтар. Көрнекті жазушы Дулат Исабеков бұрынғы президент Назарбаевтың саясаткерлер Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қаншалықты қатысы бар екенін ой елегінен өткізді. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Халық жазушысы Adal Adam youtube арнасындағы сұхбатында тілші сұрақтарына жауап бере келіп, бүкіл қоғам көкейінде көптен бері жүрген осы көкейкесті түйткілге қатысты да өз болжамдарын білдірді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты сұхбатта Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы жайлы сөз қозғалғанда, бұл әулетті бір ауыз гәппен «Криминальная семья» деп атап өтті. Ол аталып отырған тұқымда «күңгірт іспен» айналыспаған, кісі өліміне қатыстары болмаған жандардың жоққа тән екеніне құрық тастай кетті.
Сөз зергерінің пайымынша, кезінде «Назарбаевтың оң қолы» атанған Алтынбек Сәрсенбаев кейін президенттің зымиян да сұрқия саясатына бойлаған сайын одан өзінің бойын алшақ ұстаған.
«Бірте-бірте арғы жағындағы мемлекет басқарудағы саясатына Алтынбектің көзі әбден жетіп болды. Содан кейін ажырай бастады. Содан кейін сынға ала бастады, сынай бастады, тіпті қарсы келді. Кейбір адамдар келесі сайлау болатын болса, Алтынбекті ұсынамыз деген пікірлер пайда болды. Оны Назарбаев кешіре алмады», ‒ деді қаламгер сөз нобайында.
Оның ойынша, Нұрқаділов зауалды «Назарбаевтан кем емеспін» деген пиғылы үшін тартқан, «Заманбек президентке тік сөйлеп, сәл асыңқырап кеткен».
«Бір мерекенің кезінде ол: «Ертең 1 май болады, парад болады, сол кезде сіз екеуіміз айтысайық, телевизорға шығайық» деді Содан кейін ақ костюмін киіп, Нұрқаділов шықты: «Мені де жұрттар Назарбаевтан кем танымайды» деп. Бірақ Назарбаев сол жерде онымен айтысып отыра ма? Қатты қарсылық содан басталды. Одан кейін оның бүкіл саясатына қарсы шықты. Одан кейін өзінің мінезі де ұрмалы еді ғой. Сол мінезі де себеп болды», ‒ деді қаламгер.
Сұхбат жүргізуші «Назарбаев жүйесі Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтың қандарын мойнына жүктеді ғой. Ел осыны ұмытқан жоқ» деп кесіп айтты.
Осыған орай Дулат Исабеков бастапқы президентке қарсы шығып, ажал құшқандардың тек бұл екеуімен шектелмейтінін жайып салды. «Жұмбақ» өліммен өлгендер тіпті көп. Бірақ бұлардың «жұмбақтығы» да жай сөз.
«Талай журналистер кетті ғой. «Бөбек» қорындағы Сараның өзі қылмыскер. Талай ақшаны алып-алып, сол адамдарды жоқ қылып жіберіп жатты. Бұның бәрі қалды жабулы қазан боп, ешкім білмейді. Қарап тұрсаң, нағыз криминальная семья», ‒ деді Дулат Исабеков бұлтартпастай етіп.