Сенатор Нұртөре Жүсіп қазақ жұртына ортақ құндылық керек екенін мәлімдеді
АСТАНА. 11 қаңтар. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп елге ортақ құндылықтар керек екенін айтып, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сенатор өзінің сөзінде әлеуметтік желіде жаға ұстататын өрескел видеолардың жиі жарияланатынын, отбасылық құндылықтардың барған сайын құлдырап бара жатқанын атап көрсетті.
Қазақта ертеден келе жатқан «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген қанатты сөз бар. Оның мысалдары жетерлік. Мысалы, «Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік, – деді Нұртөре Жүсіп сенаттың жалпы отырысында. – Жаңа жыл қарсаңында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміздің жеткен жері осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?»
Осы ретте сенатор мұндағы мәселенің төркіні отбасындағы тәрбиеде жатқанын атап өтті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы. Сол себепті депутат ең негізгі нәрсенің тәрбие екеніне тоқталды. «Еліміздегі тәрбие мәселесі дұрыс емес. Отбасындағы тәрбие далада қалды, – деп ашып та ашынып та айтты Нұртөре Жүсіп. – «Біреудің затын алма, тегін болса да тиіспе» деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма? Қазақта «көргенсіз» деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе, оны қалай кетіреміз?».
Сенатор тәрбиемен қатар қоғам мәдениетін де жетілдіру керектігіне Үкімет басшысының назарын аударады.
«Абайша айтсақ, мәдениетсіз дүние бос. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет мәдени деңгейімізді көтеруге, таным-түсінігімізді кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмыс жүргізді. «Мәдени мұра» бағдарламасымен басталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына дейін жалғасқан жұмыстардың барлығының да түпкі мақсаты елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұның бәрі дұрыс, елдің дамуы үшін қажет шаралар. Бірақ сонымен іс бітті деп отырамыз ба?», – деді сенатор бұдан әрі.
20 млн халқы бар Қазақ еліне ортақ құндылықтар жүйесі керек. Ол қашан жасалады? «Жас ұрпақ тәрбиесімен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Жабайылық анайылыққа жол ашады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, жұртты еңбекқорлыққа, ізденіске, ілім-білімге бет бұруға, әсіресе, отбасы тәрбиесі мен мәдение тәрбиеге барынша күш салу керек деп пайымдаймын», – деді Нұртөре Байтілесұлы сөзінің соңында.