Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталды
АСТАНА. 12 қаңтар. Байырғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті ғимараты алдына қойылған ескерткіші алынып тасталды. Бұл туралы Massaget.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ескерткіш 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты салтанатты жағдайда ашылған. Бұл кезде оның мемлекет басшысының тағынан кеткеніне бір жылдай уақыт болған.
Енді сол ескерткіш алынып тасталыпты. Ол жайындағы алғашқы ақпарат бұдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіде тараған еді.
Ұлттық қорғаныс университетінің өкілдері ескерткіштің шынымен алынып тасталғанын растады. Қазір ол қоймада жатқан көрінеді.
Tengrinews.kz порталының жазуынша, бұдан кейін Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ескерткіштің неге алынып тасталғанын түсіндірген. Сол ыңғайда министрліктегілер бұған дейін «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» атауы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті» болып өзгертілгенін еске салған.
«Осыған байланысты Ұлттық қорғаныс университеті аумағында орналасқан тұңғыш президент ескерткішін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.