Иран мен Ресей арасында жанжал туып кетті – Тегран РФ елшісін шақырды
ТЕГРАН. 25 желтоқсан. Мәскеудің Парсы шығанағындағы аралдарға қатысты мәлімдемесі Иранның қатты ашу-ызасын туғызды, Тегран Ресейдің елдегі елшісіне зәрін төкті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына құлақ түрген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің Парсы шығанағындағы Әбу-Муса, Кіші Томб және Үлкен Томб аралдарының парсы мемлекетінің меншігіне жатпайтыны жайлы мәлімдемесі екі елдің арасыда дипломатиялық жанжалдың туып кетуіне басты себеп болды. Осыдан кейін Иран сыртқы істер министрі Ресей істері жөніндегі уақытша уәкілі Алексей Дедовты шақырып алып, Мәскеудің позициясына үзілді-кесілді наразылық білдірді.
Бұл оқиға Ресей-Араб ынтымақтастық форумының Мароккода өткен алтыншы сессиясынан соң орын алды. Жанжал Иран мен Біріккен Араб Әмірлігі арасында көптен бері таластың нысаны болып келе жатқан үш аралға байланысты дауды бейбіт жолмен реттеу туралы бірлескен мәлімдемеден тұтанып кетті. Декларацияда мәселенің «БҰҰ-ның халықаралық құқықтары мен жарғысына сәйкес, соның ішінде, – егер тараптар мұндай шешіммен келіссе, – екі тараптың келісссөзі немесе БҰҰ-ның Халықаралық сотына шағымдану жолымен шешілуге тиіс екені атап көрсетілген.
Бұған келіспеген Тегран Иранның аталмыш аралдарға егемендігі «мәңгілік» екенін мәлімдеп, оған орайлас келмейтін кез-келген шағымды қайтарып тастайтынын атап өтті. Иран сыртқы істер министрлігі Ресей істеріндегі уақытша уәкілге елдердің территориялық тұтастығына құрмет көрсету керектігі хақында біраз нақыл айтты. Бұл – халықтар қарым-қатынасындағы мойындалған және негізгі қағидат. Бұған жауап ретінде Ресейдің уәкілі наразылықты РФ билігіне жеткізуге уәде берді.