Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

«Әйелін өлтірді» деген айып тағылған Бишімбаевтың ісі не болып жатыр?

АСТАНА. 26 желтоқсан. Заңгер Жанна Уразбахова «әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді» деген айыппен тергеліп жатқан Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Aikyn.kz мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Заңгер Жанна Уразбахова сөз болып отырған Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеудің барысы жайлы айта келіп, әріптесі Игорь Вранчевпен бірге марқұмның отбасының мүддесін қорғайтынын баяндаған.

«Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура брифингте журналистерге ақпарат беріп келді, ал біз бұған дейін бұл туралы түсініктеме бермедік. Сондай-ақ біз бірінші күннен кейбір блогерлер мен журналистер таратқан қауесеттерге, болжамдар мен нұсқаларға қатысты ештеңе айтпадық. Салтанатқа деген құрметіміз үшін бұл былыққа араласқымыз келген жоқ. Бірақ тараптар арасында ешқандай татуласудың болмағанын және болмайтынын айтқымыз келеді. Бұл – отбасының ұстанымы», – деді Жанна Уразбахова.

Оның айтуына қарағанда, бұған дейін аталмыш іске байланысты бірнеше сот-медициналық сараптама жүргізілген. Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, олардың саны 10-нан асады. Бірнеше сараптама әлі де жасалып жатыр. Қылмыстық іс 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы («Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру») бойынша қолға алынған.

«Бұл қылмыс 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе мүлкі тәркіленіп немесе онсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады. Тергеу аяқтала салысымен тергеуші дәлелдемелер, айғақтар іс бойынша жиналған барлық сараптамалардың негізінде күдіктіге қатысты түпкілікті сараптама жасайды. Одан кейін тергеуші сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы хабарлама береді және тараптарға қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін уақыт береді. Танысу кезінде қорғаушылар өз өтініштерін дайындайды. Олар қаралған соң істі қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу үшін қайта басталады немесе іс прокуратураға жіберілу туралы шешім қабылданады», – дейді заңгер.

Сондай-ақ заңгер аса ауыр қылмыстар бойынша сотталушы сотты алқабилердің қатысуымен өткізуді талап етуге құқылы екенін атап өтті.

Осы аралықта Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаевтың осы іске қатысты үндеу жариялағаны да белгілі болып отыр. Ол бұл видеоны «Ертісбаев Live YouTube» арнасына орналастырған. Онда Уәлихан Бишімбаев ұлының Салтанат Нүкенованы өлтіргісі келмегенін айтқан.

Уәлихан Бишімбаев сөзін қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туыстарына көңіл айтудан бастайды. Сонымен бірге, қазір бұрынғы келінінің ағасы Қайрат Нүкеновтің тергеу ісіне әсер етіп жатқанын да айтып шағыныпты. Шамасы, қарындасы кісі қолынан қасақана қаза тауып, қорлықпен өліп жатқан адам үн-түнсіз, қол қусырып қара отыра берсе, ешбір ізденбесе, істі бақыламаса деп армандайтын болса керек. Соның кесірінен «ұлының ісі қиындап кетіпті-міс». Бұған қарағанда, Қайрат Нүкенов тергеушінің қызметін атқарып кеткен сияқты.

Ең сорақысы, Уәлихан Бишімбаев ұлының «Салтанатты өлтіргісі келмегеніне» сенеді, олардың «отбасын құрып, ары қарай өмір сүргісі» келгеніне кепілдік береді. Бірақ ұлының келінін не үшін өлтіргенін білмейді, «9 қарашада не болғанын білмейді».

Бұған дейін Уәлихан Бишімбаев сондай-ақ БАҚ өкілдері мен блогерлерге жүгінген болатын. Ол сонда тек расталған ақпаратты таратуды сұрады.

Еске сала кетейік, қанды оқиға 9 қараша күні Астанадағы «Бау» ресторанында (кейбір мәліметке қарағанда, ол Қуандық Бишімбаевтың жеке меншігі) орын алды. 11 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2 айға қамалды. Бұл жағдай қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабы бойынша тіркелді. Бишімбаевпен қатар қылмыс болған орталықтың директоры да екі айға құлып астына алынды. Ол «қылмысты жасыру» бабы бойынша күдікке ілінді.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағында көрсетілген қылмысты жасады деп танылған адамға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қайғылы қазаға байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді міндеттеді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button