ЕО дипломатиясының басшысы Путиннің ақырына дейін соғысатынын айтты
БРЮССЕЛЬ. 24 желтоқсан. Еуропа одағының жоғарғы өкілі Жозеп Боррель РФ диктаторының соғысты соңына дейін апаруға құмбыл болып отырғанын пайымдады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына құлақ түрген rast.kz хабарлайды.
«Ресей президенті Владимир Путин өзінің Украинадағы мақсаттарынан бас тартқысы келіп отырған жоқ, ол жеңіске жеткенше соғысады», – деп мәлімдеді Еуропа одағының шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель The Guardian газетіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, «Путинді Украинаның бір бөлігі және шектеулі территориялық жеңіс қанағаттандырмайды». «Ол соғыстан қашпайды, одан, әсіресе, Америкадағы өзіне мейлінше қолайлы сценарий әкеліп қалуы ықтимал сайлаудың қарсаңында бас тартпайды. Сондықтан біз ұзақ уақытқа созылатын жоғары қарқынды жанжалға дайын болуға тиіспіз. Путин соғысты толық жеңіске жеткенше созуға бел буып отыр», – деп атап өтті ол.
Жоғарғы өкілдің ойынша, егер қазір мүмкін болған барлық күшті жедел жұмылдырып, оның бағытын өзгертіп жібермесе, мұндай агрессия тек Украинаға ғана емес, күллі Еуропаға, сол сияқты Еуропа одағының тіршілік етуіне қатты қауіп төндіреді.
Боррель Путиннің өз армиясы күші мен украинның қарсыласу мүмкіндігіне баға беруде, қателесіп кеткенін, сондай-ақ өз әрекеттеріне Еуроодақ пен трансатлантикалық альянс тарапынан мұндай реакция күтпегенін еске салды. Бірақ соған қарамастан, ол «әлі де соғысты жалғастыра беруге дайын» екенін білдіріп отыр, себебі милитаристің «енді артқа қарай шегінетін жолы жоқ».
«Ресей халқы ешқашан ұлт болып қалыптаса алмады, ол барлық уақытта: патшаның тұсында да, кеңестер кезеңінде де, ал қазір енді Путиннің дәуірінде де империя қалпын сақтап келеді. Бұл Ресей мен оның саяси ерекшелігі үшін тұрақты шама еді, нәтижесінде бұл ел өзінің барлық көршілері, әсіресе, біз үшін қатердің ошағы болып қалыптасты», – деп түйіндеді Боррель.