Қызылорда қаласында жаңа жаяу жүргіншілер көпірі қатарға қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 18 желтоқсан. Бүгін Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде Қызылорда қаласында жаңа темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хабарламада құны 268,1 млн теңгені құрайтын жүргіншілер көпірінің Ғ. Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында орналасқаны айтылған.
Көпірдің ашылуына арналған салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов Қызылорда қаласының барша тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келіп, шаһардағы жол инфрақұрылымның көкжиегі барған сайын кеңейіп келе жатқанын әңгімеледі.
«Сыр өңірінде жыл көлемінде жаңа нысандардың іргетасы қаланып, көптеген ғимараттар халық игілігіне пайдалануға берілуде. Бүгін, міне, тұрғындардың сұранысына орай, темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы аяқталып, Тәуелсіздік мерекесіне үлкен тарту болды. Сапалы жаяу жүргіншілер көпірін салған мердігер «Гүлнұр МК» серіктестігіне бүкіл сырбойылықтар, оның ішінде Қызылорда қаласының тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кететін жайт, дәл осындай темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі қаланың тағы екі жерінде пайда болмақ. «Қызылжарма» каналы арқылы «Бәйтерек» шағын ауданына өтетін келесі көпір жақын күндері пайдалануға беріледі.
Келер жылы құны 4,7 млрд теңге болатын Жанқожа батыр көшесі арқылы темір жол астынан өтетін автожол құрылысы басталады.