ЕО Ресейге қарсы салынған санкция тәртібін бұзғандарды қамай бастайды
БРЮССЕЛЬ. 13 желтоқсан. Еуропа одағы енді Ресей үшін белгіленген санкция шарттарын бұзғандардың табыстарын тәркілеп, өздерін қамауға алатындарын мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еуропа кеңесінде төрағалық етуші испан үкіметі мен Еуропарламент Еуроодақтың Ресейге салған санкцияларының тәртібін бұзғандарды қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі келіссөзді табысты аяқтап шықты.
Жарияланған коммюникеге сәйкес, Еуропа одағының жаңа заңы ЕО санкцияларын бұзған және оларды айналып өткен тұлғаларды жауапқа тартуға бағытталған. Құжат одаққа мүше мемлекеттердің міндеттемелерін бұзушылықтарын құқықтық қылмыстық әрекет ретінде қарастыратын болады.
Қылмыстық жауапқа тартылатын әрекеттер қатарында ЕО-ның шектеу шараларына енген тұлғаларға көмек көрсету, Еуроодаққа келуге тыйым салынғандардың заңнан айналып өтуіне жол беру, санкцияға ұшырағандармен тауар саудасын жасау, сондай-ақ санкцияға іліккен мемлекеттермен және ұйымлармен келісім жүргізу жатады. Бұған қоса, жоғарыда аталған нысандармен қаржылық қызмет жасасу, экономикалық байланыста болу қылмыстық жауапкершіліктің шеңберіне кіреді. Құжат әсіресе әскери (соғыс) материалдар бойынша сауда-саттық жүргізуге қатты мән береді.