Костенко шахтасындағы апатқа 19 жауапты тұлғаның кінәлі екені анықталды
ҚАРАҒАНДЫ. 9 желтоқсан. Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы Костенко атындағы шахтада орын алған алапат апатқа байланысты қамауға алынған адамдардың кінәлары жүз пайыз дәлелденді. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған дейін Костенко шахтасындағы апатқа байланысты 7 адам қамауға алынғаны мағлұм болған.
Бүгін шахтадағы апаттың жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Онда жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлғаның аты аталды.
Комиссия жұмысының барысында Қазақстанның, қиыр және таяу шетелдердің ғылыми-зерттеу және сараптамалық ұйымдарын тарта отырып, техникалық құжаттаманы, айғақтарды және басқа материалдарды зерделеу бойынша егжей-тегжейлі жұмыстар жүргізілді.
Нәтижесінде, өрт және метан-ауа қоспасының одан әрі жарылуы қырғыш конвейер элементтерінің соққысы мен үйкелісінен пайда болған механикалық ұшқыннан газдың (метанның) тұтануының болғаны анықталды. Газдың өзі астыңғы төсемеден бөлінген.
Комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылушылықтарын да анықтады. Атап айтқанда, жұмыстың толыққанды ұйымдастырылмауы және қауіпті өндірістік факторларға қажетті өндірістік бақылаудың жоқтығы атап өтілді. Олардың қатарына тұрақты шахталарда шаң мен жарылысқа қарсы шараларды орындау да жатады.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп танылып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды. Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына берілді.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылған еді. Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында орын алды, ол кезде 41 кенші қазаға ұшырады. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші өмірмен қоштасты.