Түрікменстан әйелдері 8 наурызда $3-дан сыйақы алады
АШХАБАД. 28 ақпан. Түрікменстан қыз-келіншектері алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құрметіне үкіметтен $3 көлемінде сыйақы алатын болды. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» хабарлады.
Ақпанның 27-сі күні өткен үкімет отырысында президент Гурбангулы Бердымухамедов экономика және қаржы жөніндегі вице-министр Гадыргелди Мушшиковке Халықаралық әйелдер күні құрметіне Түрікменстан әйелдеріне 60 манаттың («қара базардағы» бағамы $3 шамасында, бұл елде валюта ауыстыру бекеті жоқ) көлемінде ақшалай сыйлық берілуін тапсырды. (Біздің ақшаға шаққанда, бұл қаражат 1 145,52 теңгені құрайды – ред.).
Агенттік хабарлағандай, мұндай сыйлық жұмыс істейтін әйелдерге, әртүрлі оқу орындарында оқитын қыздарға, сондай-ақ зейнетақы мен жәрдемақы алатын аналарға ғана тиесілі болмақ. Ал балалар бақшасына бармайтын кішкентай қыздарға, сондай-ақ 3 жасқа дейінгі баласы жоқ, жұмыс істемейтін әйелдер осы азын-аулақ тиын-тебеннің өзінен құралақан қалады. Себебі, ақшалай сыйлық әйелдер жалақы, жәрдемақы және зейнетақы алатын бюджеттік мекемелердің есебінен беріледі.