Алматыдағы хостелде орын алған өрт салдарынан 13 адам қаза тапты
АЛМАТЫ. 30 қараша. Оңтүстік астанадағы хостелдердің бірінде болған алапат өрттің нәтижесінде 13 адамның өмірлері үзілді. Бұл туралы Kazinform ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, аталып отырған «Almaty Hostel» Әди Шәріпов көшесіндегі Halyk Bank меншігіне қарайтын ғимаратта орналасқан.
Соңғы мәліметтер сәйкес, қаза тапқандардың тоғызы – қазақстандық, қалғандары шетелдік азаматтар көрінеді.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт жайындағы алғашқы қоңырау 30 қараша күні сағат 05:33-те түскен. Осыдан кейін қаладағы №1 өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 7 минут ішінде жеткен.
«Келген бойда 1-қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы – 30 шаршы метр. Қабылданған шаралар нәтижесінде өрт 06:22-де жойылды», – деп мәлімдеді департаменттегілер.
Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылған.
«Оның жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты деп бағаланып отыр. Екінші науқас барлық тексеруден кейін ұсыныстармен амбулаторлық емделуге жіберілді», – деп хабарлады ведомстводағылар.
Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылған.
«Қазір 56 адам жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Ыстық тамақ берілді, қажетті медициналық және психологиялық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бір сағат ішінде ауданның қонақ үйлеріне орналастырылады», – деп баяндады қалалық әкімдіктегілер.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев: «Хостел әкімшілігінің сөзінше, өз бетімен сыртқа шыққан адамдардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматтары. Араларында қазақстандықтар да бар. Қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр», – деді
Ол сондай-ақ өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай ғана болғанын жеткізді. Ондағы бір орын құны 2000 теңгеден басталады, орындар саны – 100-ге дейін.
Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, хостелде тұрғандардың дені – студенттер мен жас жұмысшылар. Пәкістан мен Үндістаннан келген медицина университетінің студенттері де бар.
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өкімімен өрт себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері кірді. Үкіметтік комиссия өрт салдарынан болған қайғылы жағдайдың себептерін жан-жақты тексеру жұмыстарына дереу кірісіп, зардап шеккендерге бірінші кезектегі көмек көрсетеді.
«Қайтыс болғандардың көбі – қазақстандықтар. Біреуі – Өзбекстан азаматы, біреуі – Саха Республикасының (РФ) азаматы, қалғандары – қазақстандықтар. Қазір құжаттарын тексеріп, қарап жатыр. Жалпы, жертөлені санитарлық талаптарға сәйкес жасақтауға болады. Бірақ осыншама көп адамды орналастыруға рұқсат бар ма, бұл сұрақтың басы ашық. Анықтаймыз, тергеу жүреді», – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Өрттің шығу себептерін тексеру үшін Алматыға министр, генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен ТЖМ-ның жедел тобы аттанды. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматыдағы өрт шыққан хостелдің жертөледе болғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді.
«Ғимараттың бірінші қабатында және астыңғы қабатында (цокольный этаж) адамдар тұрған деген ақпарат тарап жатыр. Әрине, бұл заңға сәйкес келмейді. Себебі, заңда тұрғын үй және тұрғын үй емес деген норма бар. Тұрғын үй емес ғимараттардың қолдану мақсатын ауыстыру керек. Бірақ біздің ақпаратымызша, ғимарат әкімшілігі тарапынан ауыстырылмаған. Сондықтан ғимараттың астындағы қабаттағы адамдардың тұруы менің ойымша заңға қайшы келеді», – деді Жандос Өмірәлиев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
«Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды», – деп жазды ол Twitter-де.