Сыр өңірі жылдан жылға қарқынды құрылыс алаңына айналып келеді
ҚЫЗЫЛОРДА. 29 қараша. Қызылорда облысы соңғы жылдары алып құрылыс алаңына айнала бастады, соның бір айғағы өңірде қазір 300 көп қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сапалы әлеуметтік нысандардың санын көбейтіп, сала жетекшілеріне халыққа пайдалы ғимараттардың бой көтеруіне ықпал етуді міндеттеп келеді. Осы тапсырмаға сәйкес, бүгінде Сыр бойында қарқынды құрылыс алаңына айналып, салада айтарлықтай өсім көрсеткіші байқалуда. Мұның нақты айғағы: биыл облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 124,9 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда, 21,2 пайызға артқан.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін 692,3 мың шаршы метр тұрғын пайдалануға беру жоспарланған болса, бүгінде 649,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің кілті тұрғындарға тапсырылды. Осының нәтижесінде жылдық жоспардың орындалуы 10 айдың қорытындысында 94 пайызға жетіп отыр.
«Мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылыс саласына бөлінген бюджет қаражатының көлемі де 3,5 есеге артып отыр.Соңғы екі жылды салыстырып қарасақ, 2021 жылы 18 млрд теңге, ал 2022 жылы 24,2 млрд теңге бөлінген. Ал биыл 163 жобаны жүзеге асыруға 81 млрд теңге қаржы бөлінді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, аймақта барлық қаражат көздерінен 4 108 пәтерден тұратын 300 тұрғын үй мен 73 жоба бойынша инженерлік желілер салынып жатыр.
Әкімдік тарапынан жасалған қолдаудың арқасында жергілікті құрылыс компаниялары тұрғын үй салуда белсенділік танытып, өңірде 30-дан астам көп қабатты тұрғын үй бой көтермек. Бұған қоса, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге қаржы бөлініп, 1016 пәтер сатып алынуда. Оның 600 пәтері Қызылорда қаласынан, қалған 416 пәтер аудан орталықтарында қарастырылады.
Ерекше айта кететін жайт, Қызылорда облысы республика бойынша бірінші болып аудан орталықтарынан пәтер сатып алуды жүзеге асыра бастады. Бұған қоса, қазіргі таңда республикалық бюджеттен қосымша 2,7 млрд теңгеге қаржы бөлініп, оған жыл соңына дейін 286 пәтер сатып алынады.