Бишімбаев «асқан қатыгездікпен кісі өлтірді» деген күдікке ілініп отыр
АСТАНА. 30 қараша. Экс-министр Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен әбден қинап өлтірді деген айып тағылып жатыр. Бұл туралы Kazinform дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның жайын бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында айтып берді. Ол әйелін өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевқа енді бұл қылмысты асқан зұлымдықпен жасады деген айып тағылатынын атап өтті.
Журналистер одан марқұм Салтанат Нүкенованың өлімінің ресми себебін нақтылап сұрады.
«Бұл қылмыстық іс бойынша қазір барлық тиісті сараптамалар тағайындалды. Бүкіл ақпарат сіздерге берілді ғой. Енді марқұмның өліміне алып келген бұл, әрине, Қуандық Бишімбаевтың іс-әрекеті екені, заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесі екендігі сөзсіз. Қылмыстық істі тергеу нәтижесі бойынша сараптамалар дайындалғаннан кейін тергеу органдары қосымша хабарлайды», – деді бас прокурордың орынбасары.
Сондай-ақ ол күдіктінің әуелде тергеу органдарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқаны туралы мәліметке пікір білдірді.
«Тергеу органдары бірінші күні осы қылмысқа кінәлі Қуандық Бишімбаев өзінің құқықтарын пайдалана отырып, қандай да бір мағлұматтар беруден бас тартып отырғанын айтқанын білесіздер. Бұл бірінші күндері солай болған. Бірақ қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Басқа да нақты деректер айтылған болса, оның сұрату керек», – деді Жандос Өмірәлиев.
Қуандық Бишімбаевқа асқан қатыгездікпен кісі өлтірді деген айып тағылып отырғаны да айтылып өтті.
«Бишімбаевтің үстінен асқан қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білесіздер. Сондай-ақ ол ұсталған болатын және оның туысқаны аталған қылмысты бүркемелеп полицияға хабарламағаны үшін оқшаулағышқа алынды», – деді құзырлы орган өкілі.
Бас прокурордың орынбасары сондай-ақ Қуандық Бишімбаевтың осы іске қатысы бар делінген немере ағасы жөнінде де өз білгенін ортаға салды.
«Оның туысқандығын мен нақты айта алмаймын. Оның ағасы ма, інісі ме деген ақпаратты қазір бере алмаймын. Бірақ туысқаны екені нақты. Сол күні, оқиға кезінде қасында болған. Бірақ осы ауыр қылмыстың жасалғаны туралы полиция органдарына хабарламаған. Ол туралы Қылмыстық кодекстің жеке бабы бар. Тіпті қылмысты жасыруға тырысқан», – деді ол.
Қайғылы оқиға 9 қараша күні Астанадағы «Бау» ресторанында орын алды. 11 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2 айға қамалды. Бұл жағдай қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабы бойынша тіркелді. Бишімбаевпен қатар қылмыс болған орталықтың директоры да екі айға құлып астына алынды. Ол «қылмысты жасыру» бабы бойынша күдікке ілінді.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағында көрсетілген қылмысты жасады деп танылған адамға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қайғылы қазаға байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқық бұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.
Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел, – деді президент.
Президент кездесулер мен консультациялар барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін де айтты.