Қызылорда облысы: Сырдария және Шиелі аудандары әкімдерді алғаш рет сайлайды
Биылғы 5 қараша, жексенбі күні Қызылорда облысындағы Сырдария және Шиелі аудандары әкімдерін сайлау өтеді. Оларда 1 011 азамат алғаш рет сайлауда дауыс береді.
Бүгінгі таңда Сырдария ауданында – 18, Шиелі ауданында 40 учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. Оларда 388 комиссия мүшесі қызмет атқарады.
Екі ауданда 70 мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Сайлаушылар үшін үйден дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Ол үшін дауыс беретін азамат алдын ала өтініш беруі керек. Учаскелік комиссия мүшелері тасымалданатын жәшікпен бірге сайлаушының үйіне барып, оның дауыс беруіне мүмкіндік жасайды.
5 қараша күні алғаш рет дауыс беретін азаматтарға арнайы сыйлықтар ұйымдастырылады. Сайлау комиссияларының мәліметіне сәйкес, 2 ауданда 1 011 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысады. Оның 694-ы Шиелі, 317-і Сырдария ауданында.
Сондай-ақ, пилоттық сайлау өтетін аудандарда 5 қараша күні 18 жасқа толатын 5 азамат бар. Олар да өз конституциялық құқығын пайдалана отырып дауыс бере алады.
Айта кету керек, әрбір сайлаушы өз учаскесін сайлау күніне дейін арнайы платформа арқылы анықтай алады. Ол үшін әрбір азамат saylau.orda.gov.kz сайтына кірсе жеткілікті.
Еске сала кетейік, екі ауданда әкім лауазымына кандидат ретінде 6 азамат тіркелген. Олардың барлығы да жоғары білімді, мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен.
Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару заңының 36-2 бабына сәйкес әкімдер 4 жылға сайланады.